homepage
baiterek.gov.kz

«Бәйтеректің» қарызы неге 4 трлн теңгеге жетті: депутат түсініктеме сұрады

10.06.2026, 15:38

Мәжілісте ұлттық басқарушы холдингтердің қаржылық тұрақтылығы мәселесі көтерілді. Депутаттар квазимемлекеттік сектордың қарыз жүктемесіне қатысты сауалдарын жолдап, әсіресе «Бәйтерек» холдингінің міндеттемелер көлеміне назар аударды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев 2025 жылы квазимемлекеттік сектордағы сыртқы қарыз көлемі айтарлықтай өскенін атап өтті.

Оның айтуынша, мұндай үрдіс валюта бағамының өзгеруі мен сыртқы экономикалық жағдайларға тәуелділік тәуекелдерін арттыруы мүмкін.

Депутаттың мәліметінше, квазимемлекеттік сектордың жалпы қарыз құрылымындағы ең үлкен үлестің бірі «Бәйтерек» холдингіне тиесілі. Осыған байланысты ол холдингтің қарыз лимитінің өсу себептерін түсіндіруді сұрады.

– 2025 жылы «Бәйтерек» холдингінің қарызы белгіленген лимиттен асып кеткен. 2,7 трлн теңгелік лимит кезінде міндеттемелер көлемі 4 трлн теңгеге жеткен. Тартылған қаражаттың басым бөлігі корпоративтік мақсаттарға жұмсалған. Сондықтан қосымша қарыздардың қандай мақсатта алынғанын және лимиттің не себепті ұлғайғанын түсіндіруді сұраймын, – деді депутат.

Тартылған қаражат қайда бағытталған?

Сауалға жауап берген “Бәйтерек” холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин бастапқыда холдинг үшін белгіленген қарыз лимиті 2,7 трлн теңге болғанын айтты. Алайда 2025 жылы мемлекеттік комиссияның шешімімен бұл көрсеткіш қайта қаралып, 4,3 трлн теңгеге дейін ұлғайтылған.

Оның айтуынша, жыл қорытындысында холдингтің нақты қарыз көлемі 4 трлн теңгені құраған. Яғни бұл көрсеткіш бекітілген жаңартылған лимит шегінде қалыптасқан.

– Бұл қаражаттың басым бөлігі, әсіресе шетел валютасымен тартылған қаржы, ең алдымен, инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Оның ішінде айналым қаражатын толықтыруға арналған қаржыландыру да бар, – деді ол.

«Бәйтерек» өкілінің түсіндіруінше, осылайша, қарыз көлемінің артуы холдингтің инвестициялық бастамаларды қаржыландыруы мен қолданыстағы міндеттемелерді қайта қаржыландыру қажеттілігінен туындаған.

Әсіресе шетел валютасымен алынған қаржы валюталық түсімі бар қарыз алушыларды қолдауға пайдаланылған. Сонымен қатар холдинг бұрын алынған несиелерді қайта қаржыландыру жұмыстарын да жүргізген.

– Нарықтағы жағдай қолайлы болған кезде бұрынғы қарыздарды тиімді шарттармен қайта қаржыландырамыз. Бұл қаражаттардың бір бөлігі де инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған, – деді Рустам Қарағойшин.