homepage
Коллаж: baq.kz

Декреттік төлем дауы: мыңнан астам әйел тергеліп жатыр

10.06.2026, 14:25

Қазақстанда декреттік төлемдерге байланысты заңсыз схемаға қатысы бар деген күдікпен мыңнан астам әйелге қатысты қылмыстық істер қаралып жатыр. Алдын ала дерек бойынша, мемлекетке келтірілген шығын 3 млрд теңгеге бағаланған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл туралы Мәжілісте өткен брифинг барысында белгілі болды. Депутаттар әлеуметтік төлемдер саласындағы заңбұзушылықтардың ауқымына қатысты Үкіметке сұрақ жолдаған.

138-ден астам қылмыстық іс тіркелген

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мәліметінше, күмәнді схемалар ішкі тексерістер барысында анықталған.

Атап айтқанда, Әлеуметтік сақтандыру қоры мен тиісті комитет жүргізген тексерулер нәтижесінде:

  • Қазақстанның 13 өңірінде 38-ден астам қылмыстық іс қозғалған;
  • 1000-нан астам әйел тергеу аясында қаралып жатыр;
  • Алдын ала залал көлемі – 3 млрд теңге.

Вице-министрдің айтуынша, материалдардың барлығы құқық қорғау органдарына жолданған.

Заңсыз төлемдер қалай алынған?

Тексеру деректеріне сәйкес, кейбір азаматтар жалған еңбек шарттары арқылы декреттік төлем көлемін жасанды түрде көбейткен.

Жекелеген жағдайларда әйелдер бірнеше компанияда қатар тіркеліп, табысын бірнеше есе арттырған. Бұл схема әлеуметтік төлем мөлшерін заңсыз ұлғайтуға мүмкіндік берген.

Мұндай заңбұзушылықтар әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі ішкі бақылау барысында анықталған.

Ішкі аудит жүргізіліп жатыр

Қаржы министрі Мәди Такиев қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша кең ауқымды ішкі аудит жүріп жатқанын айтты.

– Декреттік төлемдерге қатысты мәселелер қаралуда. Ішкі аудит осы айдың ішінде аяқталады. Нәтижесін кейін қосымша ұсынамыз, – деді министр.

Сонымен қатар министрлік тексеру аяқталғаннан кейін нақты шығын мен қайтарылған қаражат туралы толық ақпарат берілетінін мәлімдеді.

Жалпы шығын бұдан да көп болуы мүмкін

Мәжілісте айтылған деректерге сүйенсек, кейбір есептеулер бойынша, заңсыз схемалар ауқымы бұдан да кең болуы ықтимал.

Аудит барысында жалған жұмысқа орналасу фактілері мен әлеуметтік төлемдерді негізсіз алу деректері анықталған. Дегенмен қазіргі таңда ресми түрде расталған шығын көлемі – 3 млрд теңге.

Қазіргі кезде тергеу жалғасып жатыр, ал құқық қорғау органдары ұйымдастырушыларды жауапқа тарту жұмыстарын жүргізуде.