Ертең ала доптың аламаны басталады. Күні бүгінге дейін жер жаһандағы барлық елдер арасында жолдастық кездесулер өтті. Әлем біріншілігі қарсаңындағы ойындар мен доп додасына қатысты қызықты да, қысқа ақпарттарды жариялауды жалғастырамыз.
Араға 28 жыл салып әлем біріншілігіне жолдама алған командалардың бірі – Норвегия. Ұлттық құрама лидері Эрлинг Холанд. Сол Холанд АҚШ-тағы аптап ыстыққа бейімделе алмай, күнге күйіп, мазасы қашып жүр екен. Күні кеше Нью-Джерсиде Мароккомен жолдастық кездесу өткізген кезде Эрлинг Холандтың аяғы ала допқа төрт-ақ рет тиген. Бұл оның 2019 жылдан бергі ойындарының ішіндегі ең нашар көрсеткіші…
Ал, Англия ұлттық құрамасы аялдаған Канзас-Сити қаласындағы жаттығу базасының дәл іргесінде атыс-шабыс болып, 9 адам мерт болған. Абырой болғанда Томас Тухель жаттықтыратын ағылшындар командасы түгел дін аман. Осы ағылшын ұлттық құрамасының бір жанкүйері биылғы чемпионатты бастан-аяқ «жалықпай» тамашалау үшін, мундиальға қатысатын 48 елдің сырасына тапсырыс беріп, алдырып қойған. Енді дәмін татып, ойындарын тамашалауға белін бек буып отыр, ол сабаз...
Сенегал ұлттық құрамасы мінген ұшақтың табаны АҚШ жеріне тие сала Америка ұлттық қауіпсіздігі мен құзырлы органдары құрама мүшелерін салтанатпен қарсы алудың орнына, құтты бір террористер келгендей басынан-бақайларына дейін тінтіп, түгел тексерген. Дәл осы секілді Нью-Йоркке жолдастық кездесу өткізу үшін келген Өзбекстан ұлттық құрамасын да жергілікті полиция тіміскілеп, тінтіп, басынан-аяқ тексеріп, тіпті ойыншылардың ұялы телефондарын алып қойған. Әрі, құрама мүшелерінің қол сөмкелерін иісшіл иттердің көмегімен жеке тексерген.
Осы чемпионаттың тағы бір қызығы және рекорды - бір үйдің балалары екі елдің ұлттық құрамаларында ойнайтындығында. Мысалы Атлектико Бильбаода бірге доп тебетін ағайынды Иньяки және Нико Уильямстар. Үлкені Иньяки Гана елінің намысын қорғаса, кішісі Нико Испанияның жыртысын жыртады. Одан кейін ағайынды Гела мен Дезире Дуэлер. Екеуі де Францияның Анже қаласында туған. Бірақ үлкені Гела әкесінің отаны Кот-д-Иуарда ойнаса, кішісі Дизере шешесі жағынан Франция ұлттық құрамасында ойнайды. Одан кейін ағайында Суттарларда әртүрлі елдің құрамаларында доп тебеді. Джон Суттар Шотландия құрамасында өнер көрсетсе, Гарри Суттар Австралия ұлттық құрамасының жейдесін киеді. Екеуі де жартылай қорғаушы. Ал төртінші ағайынды жұптар Деррик Люкассен мен Брайан Бробби. Люкассен Гана құрамасында, ал Бробби Нидерланды құрамасында ойынайды. Екеуі де Амстердамда дүиеге келген. Бробби әкесінің тегі ал, Люкассен шешесінің тегі. Сондықтан осы чемпионатта ағайындылардың бір-біріне қарсы ойындарын көріп қалуымыз бек мүмкін. Бұған дейін ағайынды ойыншылар Джером мен Кевин-Принс Боатенгтер ғана 2010 және 2014 жылы өткен турнирлерде әр елдің құрама сапында өнер көрсеткен болатын.
Айтпақшы футболдан биылғы чемпионатты өткізетін үш елде де ауа-райы 30 градус ыстық болады деп болжанған. Сондықтан, сарапшылар сағат айырмашылығы мен климаттың өзгешеліктері осы чемпионаттың басты тосын сыйлары болуы ғажап емес деп отыр.

Мына фотоға назар аударыңыз. Міне осы біріншіліктер өткен жылдары бірде-бір елдің ұлттық құрамасы шетелдік бапкердің жетекшілігімен әлем чемпионатын жеңіп көрмепті. Бұл да қызық.
Бекәлі Жәдік