homepage
Фото ашық дереккөзден

Бензин қашан, қаншаға қымбаттайды?

10.06.2026, 12:39

Қазақстанда бензин бағасының өсуіне қатысты Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пікір білдірді. Оның айтуынша, жанармай құны соңғы уақытта 3-4 теңгеге ғана көтерілген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министр Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап бере отырып, бүгінде бензин бағасы мемлекет тарапынан реттелмейтінін еске салды.

Бағаны нарық анықтайды

Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, жанармай құны ішкі сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады.

– Мендегі ақпарат бойынша бензин бағасы 3-4 теңгеге өсті. Сондықтан баға 10 теңгеге көтерілді деген пікір шындыққа жанаспайды. Қазір нарықтық тетік жұмыс істейді, – деді министр.

Оның айтуынша, мемлекет баға белгілеуге араласпайды. Нарық қатысушылары қалыптасқан жағдайға қарай жанармай құнын өздері анықтайды.

Бензин 100 теңгеге қымбаттауы мүмкін бе?

Министр бензин бағасы күрт өсіп, бірден 100 теңгеге қымбаттайды деген болжамдармен келіспейтінін айтты.

Ол мұнай бағасы да мұндай өзгеріске негіз болмай отырғанын атап өтті.

– Қазір мұнайдың бір баррелінің бағасы шамамен 93,5 доллар деңгейінде. Баға 200 долларға дейін көтеріліп жатқан жоқ. Сондықтан бензиннің күрт қымбаттауы туралы болжамдардың негізі жоқ, – деді ведомство басшысы.

Энергетика министрінің айтуынша, ведомство жанармай нарығындағы ахуалды тұрақты бақылап отыр және жағдайдың бақылаудан шықпауына қажетті шараларды қабылдайды.