homepage
Juzmedia.kz

БҚО-да мектеп бітірген үш түлек суға батып кетті

10.06.2026, 11:54

Батыс Қазақстан облысына қарасты Жаңақала ауданындағы Жаңақазан ауылы маңында орналасқан Кіші Өзен өзеніне шомылуға барған үш жасөспірім суға батып қайтыс болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға туралы хабарлама 9 маусымда сағат 18:25-те аудандық полиция бөлімінен түскен.

Белгілі болғандай, 2008 және 2009 жылы туған үш жасөспірім арнайы жабдықталмаған әрі шомылуға тыйым салынған жерде суға түскен.

Емтиханнан кейін өзен жағасына барған

Алдын ала мәлімет бойынша, жергілікті мектептің сегіз түлегі емтихан тапсырғаннан кейін табиғат аясында демалу үшін өзен жағасына барған.

Ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдер өзенге шомылмақ болған.

Қайғылы жағдай салдарынан биыл мектеп бітірген үш түлек көз жұмды. Олар:

  • 17 жастағы Ұлдана Рафих;
  • 16 жастағы Гүлхан Тұраш;
  • 16 жастағы Нұртас Жолдығали.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бірнеше күн бұрын ғана олар соңғы қоңырау соғып, емтиханды аяқтаған соң маңызды кезеңнің аяқталуын атап өтпек болған.

Оқиға орнында тыйым салу белгісі болған

ТЖД мәліметіне сәйкес, жасөспірімдер суға түскен аумақта шомылуға болмайтыны туралы ескерту белгісі орнатылған.

Оқиға орнына құтқарушылар жедел жіберілгенімен, олардың келуіне дейін жергілікті тұрғындар үш жасөспірімнің денесін судан шығарып алған.

Алғашқы мәйітті маңайда жүрген жастар байқаса, кейін ауыл тұрғындары тағы екі жасөспірімді судан алып шыққан.

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Мамандардың айтуынша, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі арнайы жабдықталмаған әрі бақылаусыз су айдындарында болады.