homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда неке саны соңғы 20 жылда ең төменгі деңгейге түсті

10.06.2026, 11:06

Қазақстанда некеге тұрушылар саны азайып келеді. 2026 жылдың бірінші тоқсанында ел бойынша 21,6 мың неке тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,9 пайызға төмен, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Finprom cарапшыларының мәліметінше, қазіргі көрсеткіш соңғы 20 жылдағы ең төменгі деңгей саналады. Ал 2021 жылдың алғашқы үш айында 32,3 мың неке тіркеліп, кейінгі жылдардағы ең жоғары көрсеткішке жеткен болатын.

Соңғы жеті жылдағы рекордтық көрсеткіш

Неке саны азайған тұста ажырасу көрсеткіші, керісінше, өсіп отыр. Биылғы қаңтар-наурыз айларында елімізде 11,2 мың ажырасу тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 10,2 мың болған.

Осылайша, ажырасу саны соңғы жеті жылдағы ең жоғары деңгейге жетті.

Некелер мен ажырасулардың басым бөлігі қалалық жерлерде тіркеледі. Бірінші тоқсанда қалаларда 14,5 мың неке қиылса, ауылдық жерлерде 7,1 мың отбасы құрылған.

Сонымен қатар қалаларда 8,4 мың, ауылдарда 2,8 мың ажырасу тіркелген.

Қай өңірлерде неке көп, қай өңірлерде ажырасу жиі?

Өңірлер арасында ең көп неке Алматы қаласы мен Түркістан облысында тіркелген. Екі өңірде де алғашқы үш айда 2,3 мың неке қиылған. Ал Астана қаласында бұл көрсеткіш 2,1 мыңды құраған.

Ең аз неке Ұлытау облысы, Солтүстік Қазақстан облысы және Батыс Қазақстан облысында тіркелген.

Ал ажырасу саны бойынша Алматы, Астана және Қарағанды облысы алдыңғы қатарда тұр.

Соңғы бес жылдағы көрсеткіштерге қарағанда, Қазақстанда неке коэффициенті төмендеп, ажырасу коэффициенті өсіп келеді. Бұл елдегі отбасылық қатынастар мен демографиялық үрдістердің өзгеріп жатқанын көрсетеді.