Дүниетану сабағында ерекше сүйсініп, қызыға оқыған “Әлемнің жеті кереметі” есіңізде ме? Өкініштісі, бүгінге тек Мысырдағы Хеопс пирамидалары ғана жетті, қалған алтауы табиғи апаттар, адамдар қиратып не басқа себептерге байланысты жер бетінен жоғалды. Мысырдың Хеопс пирамидасының арқасында әжептәуір күн көріп отырғанын бұған дейін жазған едік. Сәулет өнерінің мұндай кереметтері мемлекет қазынасына пайдалы болса, “жеті керемет” қатары бұған дейін неге толықпаған деген заңды сауалға Juzmedia жауап іздейді.
Алдымен тарихи шегініс жасайық. Жеті керемет нысандары біздің заманымызға дейін ІІІ ғасырда салынғандықтан, олар туралы егжей-тегжей ақпарат жоқ. Мысалы, Родос аралында тұрғызылған күн құдайы Родос алыбының нақты сұлбасы әлі күнге дейін талқыланып келеді. Семирамида (Бабыл) аспалы бағының нақты қай жерде орналасқаны да белгісіз. Эфестегі Артемида ғибадатханасының қазіргі қалдығы қолдан жасалған, яғни ғибадатхана түгелдей жойылып кеткен.
“ЖЕТІ КЕРЕМЕТ” ТІЗІМІ ЖАҢАРТЫЛМАДЫ МА?
Жаңа кереметтер салу немесе салынған ғимараттарды “әлем кереметтері” тізіміне қосу жұмыстары бірнеше рет қолға алынды. 2001 жылы швейцариялық кәсіпкер, бұрын мұражай кураторы болып қызмет еткен Бернард Уебер де New7Wonders қорының негізін қалап, жаңа тізім жасақтауға кіріседі. Оның New Open World Corporation коммерциялық емес ұйымы заманауи кереметтерді анықтауға кірісіп кетеді. Уебер тізім жасамас бұрын жаһандық сауалнама ұйымдастырады. Одан бөлек 2001 жылы Талибан әскері қиратып тастаған Ауғанстандағы Будда мүсінін қайта қалпына келтіру үшін қаражат жинай бастайды. Сауалнамаға 100 миллион адам қатысып, дауыс береді. Бұл бастаманың науқаны да жақсы жүргізілгенін айта кеткен жөн. Мәселен, Бразилияда автобус билеттерінде Иса Мәсіх мүсініне дауыс беруге шақыру жазылған.
Қор табиғи нысан мен сәулет нысанын екі бөлек қарастыратын болып шешті. Содан 2007 жылы сәулет нысандарының, 2011 жылы табиғи нысандардың тізімі жарияланды. Адам қолынан туған сәулет кереметтерінің қатарына Италиядағы Колизей, Қытайдағы Ұлы Қытай қорғаны, Перудегі Мачу-Пикчу ежелгі қаласы, Иорданиядағы Петра қаласы, Үндістандағы Тәж Махал кесенесі, Баризилиядағы Құтқарушы Иса Мәсіх мүсіні мен Мексикадағы Чичен-Ица орталығы енді.
Ал табиғи кереметтер қатарына қосылуға тұрарлық деп адамдар Амазон джунглилерін, Вьетнамдағы Халонг айлағын, Аргентина мен Бразилиядағы Игуасу сарқырамасын, Кореядағы Чеджу аралын, Индонезиядағы Комодо ұлттық саябағын, Филлипиндегі Пуэрто үңгірі мен Оңтүстік Африка Республикасындағы ұлттық саябақты таңдайды. Ежелгі жеті кереметті аса танымал емес грек философы Филон таңдағанын айта кеткен жөн болар.
ЖАҢА ТІЗІМДІ БҰҰ СЫНҒА АЛДЫ
Сонымен, 100 миллион адам таңдаған нысандар тізімі жарияланғаннан кейін БҰҰ-ның Білім, ғылым мен мәдениет мәселелері бойынша ұйымы жаңа тізімді ғылымнан алыс әрі демократиялық емес деп сынады. Олардың айтуынша, керемет деп санауға лайық бірқатар нысан тізімге енбеген. Ұйым Камбоджадағы Ангкор-Ват тізімде болуға тиіс деп, ал әуелден “жеті кереметтің” бірі саналатын Хеопс пирамидаларының тізімде болмай шыққанына наразылық танытты. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, бірқатар мемлекет өз территорияларында орналасқан нысандарды тізімге енгізу үшін азаматтарын дауыс беруге шақырды. Сондықтан БҰҰ-ның демкоратиялық емес сауалнама деген пікірімен келісуге болады.
Бұған ұйымның коммуникация бойынша өкілі Тиа Вириң:
“ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізімінде 800 нысан бар. Оның барлығын сауалнамаға енгізе алмайтынымыз анық. 2000 жылдан бері қолданып келе жатқан 7 санына тоқтауды жөн көрдік. Пирамидалардың енбегені де сондықтан. Олар - әуелден “әлемнің жеті кереметінің” бірі. Дауыс санау барысында өз елінен сауалнама тізімінде нысандар болмаса да белсенділік танытқан азаматтарды көрдік. Сондықтан бір жақсы қарауға болмайды” деп жауап берді.
Сарапшылар ежелгі “жеті керемет” Жерорта теңізі мен Таяу Шығыс маңында шоғырланғандықтан көпшілік батыс жарты шарға мән беруге тырысуы мүмкін деген болжам айтады. Ал БҰҰ-ның ғылымнан алыс деп сынауы тағы бір талқыға себеп болды. Өйткені нысан таңдауда қандай ғылыми негіз болуы мүмкін деген сұрақ туындайды.
ҚАЗІРГІ ҚҰНДЫЛЫҚ БАСҚА
Жалпы біз керемет деп санайтын қандай да бір жәдігер сол замандағы адамдардың құндылығына байланысты ерекше мәнге ие болды. Ежелгі адамдар Зевске мүсін қойса, оған құдай деп қарағандықтан құрметін білдірді, Родосқа азаптан құтқарып, еркіндік сыйлағаны үшін мүсін соқты, Семирамида елін сағынды деп оны қатты құрметтегені үшін бақша салып берді. Ал қазір жағдай басқа. Жаңа ғимарат салу – инвестиция қажет етеді. Ал инвестиция – біздің салығымыз екені баршаға аян. Сондықтан қандай да бір ғимараттың салынуы алдымен қарапайым халықтың тілегінен тууы керек. Заман өзгерген сайын құндылықтың да өзгеруі қалыпты. Бұрын мүсін соғып құрмет білдірсе, бүгін ғылым мен технологияға сенетіндер, оның дамуын қолдайтындар қатары артты. Бәлкім сондықтан да жаңа заман адамдары қай ғимараттың қайсысынан керемет екеніне тартысуды мәнсіз санайды. Бұрынғыдай патшаға емес, халық игілігіне жарайтын дүниелер жасауға маңыз қойдық. Өйткені тарих бізге білім мен технологияда кенже қалған ұлттардың өмір сапасы да айтарлықтай артта қалатынын бірнеше мәрте дәлелдеді.
Бүгінде нысанның сыртқы фасадына, көркемдігіне сүйсінгендерге қарағанда оның қолданысына, адамдарға қолайлылығына мән беретіндер қатары артты. Саяхат мақсаты да ғимараттар аралау шеңберінен шығып мәдениет тану, таным кеңейту сияқты түсініктерге ауысты. Ал жер көремін деген арманыңызды неден бастарыңызды білмей жүрсеңіз барып көруге тұрарлық жерлер рейтингісіне көз салуға кеңес береміз.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.