homepage
polisia.kz

Астанада жас баланы қараусыз аулаға сүйреп әкетпек болған ер адам ұсталды

10.06.2026, 09:58

Астанада полиция кәмелетке толмаған балаға қатысты күдікті әрекет жасаған ер адамды ұстады. Оқиға 5 маусымда қаланың Алматы ауданында, №13 орта мектеп маңында болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, белгісіз ер адам шамамен 9-11 жастағы баланы күштеп ұстап алып, ескі дөңгелектер жатқан қараусыз аулаға қарай сүйреп әкетпек болған. Алайда оқиғаны байқап қалған тұрғындар дер кезінде араласып, баланы күдіктінің қолынан арашалап қалған және полиция шақырған.

Желіде жарияланған видеода шошып қалған бала болған жағдайды растап, «Бір аға мені сүйреп алып кетпек болды» деп айтады.

Оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап, бөлімшеге жеткізді.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша 56 жастағы ер адам қолға алынған.

– Осы оқиғаға қатысты 56 жастағы азамат ұсталды. Қазіргі кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Сонымен қатар полиция баланың заңды өкілі құқық қорғау органдарына ресми арыз жазудан бас тартқанын мәлімдеді.

Соған қарамастан, оқиға бойынша тексеру жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, тексеру нәтижесінде ер адамның әрекетіне заң аясында құқықтық баға беріледі.

Қазіргі кезде оқиғаның барлық мән-жайы мен күдіктінің әрекет ету себептері анықталып жатыр.