homepage
Қаржылық мониторинг агенттігі

Фильм қарап ақша табуды ұсынған: Қызылордада қаржы пирамидасының жетекшісі сотталды

10.06.2026, 09:34

Қызылорда қаласында «WornerBros» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті тергеген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушы азаматтарды «WornerBros» платформасы арқылы қысқа бейнероликтер мен фильмдер қарап табыс табуға болады деген уәдемен қаржы пирамидасына тартқан.

Қатысушыларға арнайы рефералдық сілтеме арқылы тіркеліп, құны 10 мың теңгеден 11 миллион теңгеге дейінгі VIP-пакеттердің бірін сатып алу ұсынылған. Оларға күніне 735 мың теңгеге дейін табыс табу мүмкіндігі бар екені айтылған.

Сонымен қатар жүйеге жаңа адам тартқан қатысушыларға бонус төленіп отырған. Бұл тәсіл азаматтарды жобаға жаңа адамдарды белсенді түрде шақыруға ынталандырған.

Қаржы пирамидасын насихаттау үшін WhatsApp мессенджеріндегі топтар, әлеуметтік желілердегі жарнамалар және түрлі үгіт-насихат кездесулері пайдаланылған.

Тергеу барысында салымшылардың ақшасын жинау және аудару үшін қолданылған криптоәмияндар анықталды. Сот санкциясымен жалпы көлемі 3 миллион USDT болатын криптоактивтерге тыйым салынды.

Сот шешімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған 24 азаматтың азаматтық талап-арыздары толық көлемде қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.