Еуроодақ Ресей банктеріне қарсы тарихтағы ең ірі санкциялар пакетін әзірлеп жатыр. 21-санкциялар пакетінің тағы 90 ресейлік банкке қатысы болуы мүмкін, осылайша елдегі банк жүйесінің шамамен жартысы ЕО салған санкцияға ілінбек, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен ең қатаң шектеулер 31 банкке қатысты қолданылатынын айтты. Олар ЕО аумағындағы тұлғалармен және ұйымдармен кез келген қаржылық операция жүргізу құқығынан айырылады.
Қазірдің өзінде ЕО Ресейдің 70-тен астам банкіне түрлі деңгейдегі санкциялар енгізген. Санкцияға ұшыраған ірі қаржы ұйымдарының қатарында Сбербанк, ВТБ, Альфа-Банк және басқа да жетекші банктер бар.
Сонымен бірге, ЕО елдері Ресей жағында соғысқан адамдарды ұйым аумағына кіргізбеу туралы ұсынысты талқылайды.
“Біз соғыс басталғаннан бері Ресей қарулы күштерінде қызмет еткен кез келген адамның Еуропалық Одаққа кіруіне алғаш рет тыйым салуды ұсынамыз”, – дейді Урсула фон дер Ляйен.
Бұдан бөлек, санкциялар Ресейдің шектеулерді айналып өтуіне көмектесті деп күдікке ілінген үшінші елдердегі 20 банкке, криптокомпанияға және қаржы платформасына да қатысты болмақ.
Естеріңізде болса, қаңтар айының соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық банктердің бірі арқылы көршілес елден басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы жөнелтілгені туралы айтқан. “Менің ойымша, бұл заңға, экономикаға, тіпті саясатқа қайшы келетін ерсі жағдай”, деген Тоқаев коммерциялық банктердің заңсыз, күмәнді операцияларына бақылауды күшейтуді тапсырған болатын.