Қазақстанда жыл басынан бері сталкинг бойынша 11 мыңнан астам адам қамауға алынып, 41 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты.
“Сталкинг бойынша 274 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 83 іс сотқа жолданды. 59 тұлға сотталды. Некеге мәжбүрлеу бойынша 12 іс сотқа жолданған”, – деді Әділов.
Қазіргі уақытта сталкинг үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, көп жағдайда 30-40 тәулікке қамауға алу шарасы қолданылады. Алайда, ІІМ өкілінің айтуынша – бұл жаза жеткіліксіз. Cотталғандар үкімнен кейін де құрбандарының қыр соңына түсіп, торулдап, қорқытуды жалғастыра береді. Сондықтан, министрлік сталкинг жасаған адамды 5 жылға дейін бас бостандығынан айырып, оны орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына ауыстыруды ұсынып отыр.