Соңғы жылдары Қазақстанға келетін шетелдік инвестициялардың құрылымы айтарлықтай өзгерді. Бұрын шетелдік инвесторлар негізінен мұнай-газ, тау-кен өндіру және металлургия салаларына қаржы құйса, қазір олардың қызығушылығы экономиканың басқа бағыттарына да ауып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қазақстан экономикасы соңғы 10-15 жылда анағұрлым әртараптандырылған. Мәселен, 2010 жылы жалпы ішкі өнімдегі мұнай өндіру саласының үлесі 16,5 пайыз болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 8,1 пайызға дейін төмендеген.
«Бұрын инвесторлар негізінен мұнай-газ және кен өндіру секторына қаржы салатын. Қазір олар сауда, өңдеу өнеркәсібі, қаржы, ақпараттық технологиялар және көлік салаларына да белсенді қызығушылық танытып отыр», – деді вице-министр.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар ең көп тартылған салалардың көшін көтерме және бөлшек сауда бастап тұр. Бұл салаға 4,8 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Одан кейін өңдеу өнеркәсібі (4,4 млрд доллар) мен қаржы және сақтандыру қызметі (4,3 млрд доллар) орналасқан.
Сондай-ақ ақпарат және байланыс саласына 1,4 млрд доллар, ал көлік және қоймалау секторына 977 млн доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылған.
Қазақстан экономикасына ең көп қаржы құятын елдердің қатарында Нидерланд, Ресей және Қытай бар. Сарапшылардың пікірінше, инвестициялардың әртүрлі салаларға бағытталуы ел экономикасының тұрақтылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.