Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында құдықтан 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды. Жақындары марқұмның денесі көгерген, мойнында жіптің іздер бар дейді. Ең сорақысы, жас жігітті өлтірді деген күдікпен 15 жастағы туған інісі қамауға алынды. Бірақ қайғыдан қан жұтқан отбасы полицейлердің бұл шешімімен келіспейді. Олар мектеп оқитын баланың өз ағасына қастандық жасауы мүмкін емес деп отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі 31-арнаға сілтеме жасап.
Бір ұлын жер қойнына тапсырып, енді бірін абақтыдан арашалай алмай жүрген ата-ананың жүрегі қарс айырылады. Олардың айтуынша, 30 мамырда Мейіржан Рүстем үйінің есік алдына төсегін салып, далада түнеген екен. Бірақ таң атқанда 20 жастағы жігіт ұшты-күйлі жоғалған. Жақындары іздеуге кірісіп, тек бір тәуліктен кейін су құбырының құдығынан мәйітті таптық деп қайғырады.
“Сыртында ала көрпесі болады. Сол көрпемен тұншықтырған. Бұл бір адамның ісі емес. Мен өзім сол баланы шығарып салар сәтте соңғы рет көріп қалайын дедім. Сол кезде оның мына жерінің бәрінде көгерген дақтар тұрды. Бұл бір адамның ісі емес. Ол жаны шығар-шықпастан екі-үш адаммен алысқан ғой. Ал қазір 15 жастағы ұлымды күдікті деп ұстап отыр”, – деді марқұмның анасы Кенже Дұйсенбиева.
Бірақ марқұмға туған інісі қастандық жасады дегенге жақындары сенбейді. Оның үстіне тепсе темір үзетін жігітке оқушының шамасы да жетпейді деп отыр. Шыр-пыр болған ата-ана ұлымызды бұған дейін үйімізден ақшаны қолды қылған ұрылар азаптап өлтірді деп топшылайды.
“Үйден ақша ұрланып жатыр дедік. Екі күн бұрын да қатарынан ақша ұрланған. Бірақ үйдегі ақша қай жерде тұрғанын ешкім сұрамайды. Түнгі сағат үштер шамасында күдікті адамның жүргенін айтасың, оны да тексермейді. Бәрі айналып келіп кішкентай балаға жабысқан. Не істерімізді білмей қалдық. Баламнан айырылған қайғымыз жайына қалды, енді осы баланың жағдайы уайым болып отыр. Бұл балаға бір бәлені жауып, істі соған іліп жібере ме деп қорқамыз»”, – деді марқұмның әкесі Ғани Жұпарбаев.
Ал “адам өлтіру” бабымен іс қозғаған полиция тергеу заң аясында жүргізіліп жатқанын жеткізді.
“Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайы жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Барлық тергеу әрекеттері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қолданылуда”, – деді , Қызылорда облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек Бексейітов.
Қанды қылмыстың жай-жапсары әзірге белгісіз. Ал, шарасыз күйге түскен ата-ана арыз-шағымымызды Ішкі Істер министрлігіне жеткізуден басқа амалымыз қалмады деп отыр.