Белгілі кәсіпкер, «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев кенже қызы Алтынайдың ұзатылу тойына байланысты әлеуметтік желіде пікір білдіріп, оның таңдауы төңірегінде айтылған сындарға жауап берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алтынайдың таңдаған жары Карл Оби есімді Ұлыбритания азаматы, инвестициялық менеджер және University of Manchester түлегі екені айтылды.
Кәсіпкердің айтуынша, қызы мен Карл алты жылдан бері таныс. Екі жыл бұрын жігіт Алматыға арнайы келіп, Алтынайдың қолын сұраған.
«Әрбір әке үшін орны бөлек, ерекше күн. Ұядан ұшқан кіп-кішкентай қызыңның есейіп, бойжеткенін және өмір жолын бірге жүріп өтететін серігін таңдағанын іштей мойындап, тебіренетін сәт. Мен Алтынай үшін шексіз бақыттымын. Бұл таңдау кездейсоқ немесе асығыс жасалған жоқ. Оның негізінде шынайы, пәк махаббат жатыр», – деп жазды Жәкішев.
Ол болашақ күйеу баласының адамгершілік қасиеттерін жоғары бағалайтынын айтты. Әсіресе Карлдың еңбекқорлығы, білімі мен алға қойған мақсатына табандылықпен жетуге ұмтылатыны көңілінен шыққан. Алайда ол әке ретінден ең маңыздысы оның қызына деген шынайы сүйіспеншілігі екенін айтты.
«Бұл тойдың мен үшін мәні ерекше»
Мұхтар Жәкішев бұл қуаныштың өзі үшін ерекше екенін жасырмады. Оның айтуынша, тұңғыш қызы Әйгерім тұрмысқа шыққанда ол түрмеде отырғандықтан, тойға қатыса алмаған.
«Ол кезде әке ретінде қолымнан бар келгені Айгеріміме арнаған ақ тілегімді қағазға түсіріп, хатпен беріп жіберу ғана болды. Сол хат тойында оқылды. Ал бүгін бәрі басқаша.
Қызыңның қуанышында қағаздағы құрғақ сөзбен шектелмей, сөзі қағаздан ғана оқылатын адам болмаудың өзі бір ғанибет. Қызыңды өзің ұзатып, осынау өмірлік маңызы бар ақ босағадан аттар сәтінде Алтынайыңа жүрекжарды жылы сөздеріңді өзің айта алуың неткен бақыт!» – деді ол.
Кәсіпкер қызының балалық шағы қиын кезеңмен тұспа-тұс келгенін де еске алды. Жәкішев қамауға алынғанда Алтынай небәрі тоғыз жаста болған. Ол бостандыққа шыққан кезде қызы жиырма жасқа толып үлгерген еді.
«Ол менсіз есейді. Ол бала күнінде-ақ, мені жанұямыз арқылы көрсетілетін қысымнан құтқару үшін, туған үйін тастап жат жерге кетуге мәжбүр болды, бөтен елде өсті. Ата-анасының аялы алақаны мен мейіріміне бөленіп отырған баланың кенеттен үйінен жырақтап, жат тілде сөйлейтін бөтен адамдар оқитын мектеп-интернаттан бір-ақ шыққанын түсіну қиын. Бірақ ол сынбады, бәріне төтеп берді», – деп жазды кәсіпкер.
Оның айтуынша, Алтынай кейін мектеп пен университетті сәтті тәмамдап, журналистика саласында еңбек етіп, модель ретінде де табысқа жеткен. Қазір оның бейнесін әлемдік ірі брендтер жарнамалық науқандарында пайдаланады.
«Ұлтқа емес, адамға қарау керек»
Әлеуметтік желілерде кейбір қолданушылар Алтынайдың шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққанын сынаған болатын. Бұл пікірлерге жауап берген Мұхтар Жәкішев адамның қадір-қасиеті ұлтымен емес, ісімен өлшенетінін айтты.
«Нағыз намыс күйеу баланың ұлтымен өлшенбейді. Намыс дегеніміз сол намыс үшін тым жоғары баға төлеуге тура келгенде, адамдық арың мен абыройыңды таза сақтап қала алуыңмен өлшенеді», – деді ол.
Кәсіпкер сонымен қатар жаңа құдалары туралы жылы пікір білдірді. Оның айтуынша, Карлдың отбасы жетпіс жылдан астам уақыттан бері Ұлыбританияда тұрса да, өз тамырын ұмытпаған. Тойға келген туыстарының көбі ұлттық киім киіп, дәстүрлеріне құрмет көрсеткен.
Жәкішев күйеу баласының әкесі Генримен жақсы тіл табысқанын да атап өтті. Инвестициялық банкир болып жұмыс істейтін Генримен әлемдік экономикадағы үрдістер туралы әңгімелескенін айтып, Карлдың бойындағы көптеген жақсы қасиеттер әкесінен дарығанын жеткізді.
Сөз соңында Мұхтар Жәкішев қызының таңдауын әрдайым құрметтейтінін және балаларының шешімдерін қолдай беретінін айтты. Оның пікірінше, өмірде ең маңыздысы – адамның шыққан тегі емес, отбасы құндылықтары мен бір-біріне деген сыйластығы.