Түркістан облысында жан шошырлық жағдай. Арыс қаласында кһлік айдаған удай мас әйел көшедегі орындықта демалып отырған 6 адамды жаншып кетті. Соның салдарынан үш адам көз жұмса, тағы үшеуі түрлі дене жарақатын алған. Марқұмдардың екеуі 5 және 2 жасар бала, тағы біреуі жүкті келіншек, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жол апатын жасаған 52 жастағы әйел мектепте мұғалім екен. Көршілері жұмыстан бос кезде такси жүргізеді деген әйел жиі ішеді дегенді де айтады.
Қайғылы оқиға сенбі күні кешкі уақытта болған. Көшенің арғы басынан жүйткіп келген «Джак» көлігі қабырғаға келіп соғылады. Ал ол кезде орындықта көршілер демалып отырған. Соққының қатты болғаны соншалық, кесектен өрілген қалың қабырға қақырап, адамдармен бірге ішке құлаған.
Демалып отырған алты адамның үшеуі ересек, тағы үшеуі бір жарым жасар, екі және бес жастағы балақайлар. Көлік бәрін қаққан.
Балабақшада тәрбиеші болып істейтін Айшолпан Шәріпбек екі жасар ұлымен бірге үйіндінің астында қалып мерт болды. Сонымен бірге көрші үйдің бес жасар қызы да сол жерде жан тапсырды.
— Бір кісінің иығы сынды. Біздің баламыз бен келініміз кетті. Көрші келініміздің бес жасар қызы кетіп отыр. Кішкентаймыз машина соққан кезде топырақтың астында қалған. Келініміз қораның ішіне кіріп кеткен, ары қарай ұшырып жіберген, – дейді марқұмның қайын ағасы Ғани Айдаров.
Екі жасар ұлымен бірге қаза тапқан 29 жастағы Айшолпан жүкті болған. Енді артында үш баласы қалды. Келіні мен немересін жоқтап қалған Айдаровтар әулеті анасынан айрылған балаларына қалай түсіндіреміз деп жылайды. Оның үстіне, қайғылы оқиға балаларының көз алдында болған.
— Балалар көрген ғой, бәрі көрген. Әлі сөйлей алмайтын балам, қызым, «абара абара» деп, тауып бер деп жаты, кеше түнде жатқалы жатсақ, «мамам қане, мамам қане» деп жатыр, енді өне бойым түршігіп, жүрегімді тіліп өтеді, бұларға анасын, қайдан тауып берем, ойбай, жаным ау! Енді осылар қор болмай өссін деймін, – деп егілді марқұмның енесі Ағайша Манатова.
Жарақат алған үшеудің екеуі, яғни анасы мен баласы жедел жәрдеммен Арыс ауданы ауруханасына жеткізілген. Миы шайқалып, аяғынан жарақат алған 30 жастағы келіншек қазір хирургия бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның бір жарым жасар баласы тым ауыр хаде жеткізілді деп отыр.
— Бір жас алты айлық, жансақтау бөліміне жатқызылды өте ауыр жағдайда келді. Миы шайқалған. Оң жақ кеуде тұсының көптеген жабық сынығы бар, сол жақ санының жабық сынығы, жарақаттан ауыр шок күйде. Қазір ол баланы облыстық балалар ауруханасына ауыстырдық, жағдайы қалыпты. Бес қабырғасы сынған, саны сынған, – деді Арыс ауданы орталық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Айдар Акбаров.
Арыс ауруханасында жатқан 30 жастағы келіншек бес жасар қызынан айрылғанын білген соң, онымен дәрігерлерден бөлек психологогтар да жұмыс істеп жатыр. Ал бір жарым жастағы ұлына енді ота жасалып ұзақ емделу қажет.
Полицейлер жол апатын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен 52 жастағы әйелді көп ұзамай ұстаған. Арыстағы мектептердің бірінде қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім әзірге екі айға қамалыпты. Полицейлер неше баппен іс қозғайтынын түрлі сараптама қортындысынан кейін ғана анықтамақ.