5 маусым – ВИЧ-пен ұзақ жылдар өмір сүріп келе жатқан адамдарды қолдау күні. Тұтас жаһан атап өтпесе де, АҚШ-тың белсенді азаматтары енгізген бұл датаның маңызы кеміген емес. Қазақстанда ВИЧ-пен өмір сүретін 35 мыңнан астам адам бар. Бұл – ресми статистика ғана. Ал, олардың әрқайсысының артында үнсіз күрес, жасырын қорқыныш пен қоғамның қысымы жатыр.
ВИЧ диагнозы – үкім емес. Медицина жетіліп, бұл дертпен ұзақ әрі сапалы өмір сүруге болатын деңгейге жетті. Антиретровирустық терапия дертті бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Бірақ дәрі жеңе алмаған бір кедергі бар: ол – қоғамдағы стигма мен кемсітушілік. Біз осы дертпен күресіп жүрген екі азаматпен тілдестік.
«Адамдарға көмектесу – өмірімнің мәніне айналды»
«Доверие Плюс» қоғамдық қоры – Алматы қаласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйым. Қор ВИЧ инфекциясының алдын алу жұмыстарымен, сондай-ақ осы кеселмен өмір сүретін адамдардың құқықтарын қорғаумен, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асырумен айналысады. Ұйым кеңсесінде жұмыс күні ерте басталады. Телефонға дамыл жоқ. Біреу құжат рәсімдеуге көмектесуді сұрайды, енді бірі емін жалғастыруға қорқатынын айтады.
Салават Қазбекұлы әр адаммен байыппен сөйлесіп, әр сауалға сабырмен жауап береді. Біреуге үміт сыйласа, енді біріне қорқынышын жеңуге көмектеседі. Ол үшін бұл жай ғана қызмет емес, соңғы он бес жылда өзі жүріп өткен өмір жолының жалғасы.
Салаватқа АИТВ диагнозы қойылғанына он бес жылдан асты. Алайда ол ұзақ уақыт бойы бұл туралы ешкімге тіс жармады. 2017 жылға дейін диагнозын жасырып келді. Өйткені қоғамның түсінбеуінен, адамдардың өзіне үрей мен күдікпен қарауынан қорықты. Бір сөзбен айтқанда, диагнозының кесірінен жұрт көзіне «құбыжық» болып көрінуден қауіптенді. Бірақ бір сәтте ол қорқынышпен өмір сүре берудің тығырыққа тірейтінін түсінді. Содан кейін бар шындықты ашық айтуға бел буды. Диагнозын жасырмай, қоғам алдына шықты. Сол шешім оның өмірін өзгертті. Өз тағдырын өзгелерден жасырып емес, өзгенің тағдырына араша түсіп өмір сүре бастады.
«2017 жылға дейін өмірім бір сарынды өтті. Жұмыс, дәрі, күнделікті тіршілік. Кейін қоғамдық ұйым жұмысына араластым. Бұрын саудамен айналыссам, қазір адамдарға көмектесемін. Осы іс маған күш береді», – дейді ол.
Салаваттың өмірінде ауыр сынақтар аз болған жоқ. Алғашқы жары қатерлі дерттен көз жұмады. Некелескен екінші жары да онкологиядан оңалмай, қайтыс болады. Өзінің және жақындарының денсаулығымен күресіп жүргенде Салават саладағы жүйелік, бюрократиялық кемшіліктерді көп кездестірді. Халыққа ақпарат жетіспей жатады. Сондықтан, ортада дәнекер болуға шешім қабылдайды.
«Өмірдің мәні жоғалғандай болды»
Ал, 43 жастағы Наталья ВИЧ-пен өмір сүретін әйелдерге қолдау көрсетіп келеді. Бірақ оның өзі де бір кездері қорқыныштың құрсауында қалған еді.
«Мен ВИЧ-пен 2009 жылдан бері өмір сүріп келемін. Бір кезде есірткі қолдандым. Қауіпті екенін білдім, бірақ бұл менің басыма келмейді деп ойладым», – дейді ол.
Диагнозын алғаш рет түрмеде естіген.
«Көзіме еріксіз жас келді. Өмірдің мәні жоғалғандай болды. «Енді мен кімге керекпін?» деген ойдан арыла алмадым», – дейді Наталья.
Алайда жақындарының қолдауы оның өмірін басқа арнаға бұрған.Бүгінде ол дәл сондай қорқынышты бастан өткеріп жатқан адамдарға үміт сыйлауға тырысады.
Вирус емес, көзқарас қауіпті
Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дәрігері Айгүл Абдығалиеваның айтуынша, ВИЧ адамның иммундық жүйесін әлсірететін вирус. Ол қорғанышсыз жыныстық қатынас, жұқтырылған қан және анадан балаға беріледі. Ал қол алысу, құшақтасу, ортақ ыдыс пайдалану арқылы жұқпайды. Соған қарамастан қоғамда ВИЧ туралы жаңсақ түсініктер әлі де көп.
Әлеуметтік желілердегі қорлайтын пікірлер, жұмыс орнындағы күмәнді көзқарас, жақындарының түсінбеуі – мұның бәрі диагнозы бар адамның өмірін күрделендіре түседі.
Наталья мұны күн сайын көріп жүр. Бірде оның құрбысы медицина саласында оқитын сіңлісін ВИЧ туралы тренингке шақырған. Қыздың жауабы қысқа болған.
«Мен ВИЧ жұқтырған жоқпын ғой. Ол жақта не шаруам бар?» Бұл бір адамның ғана сөзі емес. Бұл – қоғамның үні.
Қазақстанда ВИЧ-пен күрес тек медициналық мәселе емес. Бұл – қоғамның адамға деген көзқарасын өзгертуді талап ететін әлеуметтік мәселе.