Астанадағы №7 Балалар кітапханасында мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Экология – табиғат жүрегі» атты ақпараттық сағат ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның мақсаты – бүлдіршіндердің табиғатқа деген жанашырлығын, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдысын қалыптастыру. Сабақ барысында балаларға табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау және экологиялық мәдениет негіздері туралы қызықты мәліметтер айтылды.

Кітапхана қызметкерлері қатысушыларды табиғат тақырыбындағы кітаптармен таныстырып, қызықты танымдық ойындар мен шығармашылық тапсырмалар ұйымдастырды.
«Бүгінгі біздің қонақтарымыз – жеке балабақша тәрбиеленушілері. Олар тәрбиешілерімен бірге кітапханаға жиі келіп, кітап оқиды, сурет салады және түрлі танымдық іс-шараларға қатысады. Бұл жолы біз балаларды тақырыптық әдебиеттермен таныстырып, экологиялық тәртіп ережелерін түсіндірдік. Біздің мақсатымыз – ерте жастан бастап экологиялық мәдениет пен табиғатқа ұқыпты қарау дағдысын қалыптастыру», – деді №7 Балалар кітапханасының қызметкері Кенжегүл Әбдікәрімова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар балалардың қоршаған ортаға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, табиғатты қорғаудың маңызын ерте жастан түсінуге ықпал етеді.
