Қазақстанда соңғы жылдары қызық құбылыс қалыптасты. Бір қарағанда халықтың тұрмысы түзеліп жатқандай көрінеді. Мейрамханалар бос емес, сауда орталықтары лық толы, көшеде жаңа көліктер көбейді. Ресми статистика да табыстың өсіп жатқанын айтады. Бірақ осы көріністің ар жағында басқа, қорқынышты шындық бар: қазақстандықтардың қарызы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті.
2024-2025 жылдары халықтың несие көлемі 20,7 трлн теңгеден 24,8 трлн теңгеге дейін өсті. Бір жылдағы өсім – 20 пайыз. Бұл экономиканың өсу қарқынынан әлдеқайда жоғары. Демек, тұтынудың едәуір бөлігі жалақы есебінен емес, қарыз есебінен қамтамасыз етіліп отыр деген сөз.
Экономистердің сөздігінде «демонстративті тұтыну» деген ұғым бар. Яғни, адам белгілі бір тауарды қажеттіліктен емес, қоғамға өз мәртебесін көрсету үшін сатып алады. Қазақстандықтар осы «демонстративті тұтынудың торында» жүр. Дамыған елдерде әлеуметтік статус көбіне біліммен, мансаппен немесе жинақталған капиталмен өлшенсе, бізде ол әлі күнге дейін көлік маркасымен, телефон моделiмен, тұратын ауданымен немесе тойының ауқымымен бағаланады. Ал, осы мәртебе жарысының шығынын көбіне несие көтеріп жүр.
2025 жылдың алғашқы жартысында автонесие көлемі 53 пайызға өсті. Сатылған әрбір екінші жаңа көлік несиеге алынған. Смартфон нарығындағы жағдай да осыған ұқсас. Қазіргі қоғамда телефон байланыс құралы ғана емес, сенің балаңның «әлеуметтік бейнесінің» белгісіне айналып үлгерді. Нарық та халықтың қабағына басып, қымбат смартфондарға арналған бөліп төлеу жүйесін қарқынды түрде іске қосып келеді. Мұның бәрі Қазақстандағы тұтынудың үлкен бөлігі нақты әл-ауқаттың емес, болашақ жалақының есебінен қаржыландырылып жатқанын көрсетеді.
Қазақта «жиған-тергенің тойға шашылсын» деген қисынсыздау бір тілек бар. Ел-жұртқа ес жидырмай той тойлатып қоюға да осындай біржақты ұғымның әсері бар секілді. Өткен жылы Қазақстанда 116 мың неке тіркеліпті. Бәрі демесек те, дені той жасап шығындалды. Құдалық, ұзату, беташар секілді жоралғылар ондаған миллиард теңгелік индустрияны қалыптастырып отыр. Ия, қазақтың қонақжайлығынан тұтас нарық пайда көріп отыр. Бұдан бөлек автодилерлер, іс-шара индустриясы, премиум білім беру секторы және маркетплейстер қоғамдағы мәртебеге деген көзқарас пен сұранысты тиімді табыс көзіне айналдыра алды.
Дегенмен, несиенің өсуін тек тұтынушылық мінез-құлықпен түсіндіру қате болар еді. Соңғы жылдары кредиттік белсенділіктің маңызды бөлігі бизнес секторына тиесілі. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несие көлемі 18,3 трлн теңгеге жетті. Бір жылдағы өсім – 20,4 пайыз. Оның ішінде шағын және орта бизнеске берілген кредиттер 38 пайызға өсіп, 8,7 трлн теңгені құрады.
Бұл Қазақстан экономикасында екі түрлі үрдіс қатар жүріп жатқанын көрсетеді. Бір жағынан халық қарызға өмір сүріп жатыр. Екінші жағынан кәсіпкерлер өндірісті кеңейтуге, жаңа жобаларды іске қосуға және бизнесті дамытуға қаржы тартып жатыр. Сондықтан мәселе несиенің өзінде емес. Мәселе – несиенің қайда жұмсалып жатқанында.
Десек те мұнда тағы бір маңызды парадокс бар. Сырттай қарағанда Қазақстанда табыс теңсіздігі азайып келе жатқандай әсер қалыптасады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Джини коэффициенті 0,296-дан 0,291-ге дейін төмендеді. Байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылықты көрсететін қорлар коэффициенті де 6,2 еседен 5,98 есеге қысқарды.
Бір қарағанда бұл оң көрсеткіш сияқты көрінеді. Алайда кедейліктің негізгі параметрлері өзгерген жоқ. Яғни ең осал топтардың жағдайы жақсарған жоқ. Қарапайым тілмен айтқанда, Қазақстанда бай мен кедей арасындағы алшақтық көрсеткіші аздап қысқарғанымен, кедейлік қамытынан босап шыққандар қатары аз. Көп отбасы нақты табыстың өсуі арқылы емес, несие, бөліп төлеу және кейінге қалдырылған төлемдер арқылы өмір сүру деңгейін сақтап отыр.
«Экономикада тек жалақының қанша теңгеге өскеніне емес, оның нақты сатып алу қабілетіне қарау маңызды. Егер жалақы өссе, бірақ баға одан да жылдам көтерілсе немесе қосымша табыстың басым бөлігін жұтып қойса, адам шын мәнінде байып кеткен жоқ. Ең маңызды мәселе адамның қанша теңге табатынында емес. Ең маңыздысы – сол табысқа қанша тауар, қанша қызмет, қанша тыныштық пен қанша еркіндік сатып ала алатынында. Егер жалақы өсіп жатса, бірақ негізгі шығындарды төлегеннен кейін қалатын ақша азайып бара жатса, онда экономикалық өсім адамдардың өмір сапасында әлі сезілмейді деген сөз», – дейді Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының сарапшысы Тоқтасын Бақберген.
Қазақстанда табыстың емес, әсердің экономикасы қалыптасып жатыр, дейді сарапшылар. Адамдар бай көрінуге тырысады, бірақ байып жатқан жоқ. Ең үлкен қауіп те осында. Қоғам барған сайын өндіргенінен бұрын тұтынатын, тапқанынан бұрын жұмсайтын модельге жақындап келеді.
Мемлекет бұл тәуекелді түсіне бастады. Соңғы жылдары несие алуға талап күшейді. Ал 2026 жылдан бастап бөліп төлеу жүйесі де кредиттік бюроға ақпарат беруге міндеттелмек. Демек, біздің билік қарызы көп қоғамнан қауіптене бастады. Бұрынғы қазақ қарыздың күліп кіріп, күрсініп шығатынын ескеріп, ескертіп те кеткен еді.
Ұлағат Бекболат