homepage
Zakon.kz

Петропавлда зейнеткер алаяқтарға 7 млн теңгесін аударып жіберген

07.06.2026, 16:45

Солтүстік Қазақстан облысында полиция 77 жастағы Петропавл тұрғынына қатысты ірі интернет-алаяқтық дерегін тергеп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Зейнеткер Instagram әлеуметтік желісінде инвестиция арқылы жоғары табыс табуға болатыны туралы жарнаманы көріп, сілтеме арқылы өтіп, байланыс деректерін қалдырған.

Көп ұзамай оған өзін инвестициялық компания өкілдері ретінде таныстырған адамдар хабарласқан.

Алаяқтар әйелді қаржы салу арқылы қомақты пайда табатынына сендіріп, сәуірдің соңы мен мамырдың басы аралығында оның барлық жинағын түрлі шотқа аудартқан. Соның салдарынан зейнеткер 7 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылған.

Қылмыскерлер байланысқа шығуды тоқтатқаннан кейін ғана әйел алданып қалғанын түсініп, полицияға жүгінген.

“Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлер жәбірленушінің ақшасын шетелге шығаруға пайдаланылған үш дроппердің жеке басын анықтады”, – делінген ПД хабарламасында.

Заң бойынша зейнеткер келтірілген шығынды азаматтық тәртіппен өндіріп алуға құқылы.

Тәртіп сақшылары азаматтарды интернеттегі күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге шақырады. Әсіресе егде жастағы туыстарға алаяқтардың айла-тәсілдері туралы жиі ескертіп, қаржыға қатысты кез келген ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеру қажет екенін еске салды.