homepage
pexels

Қазақстанда алтын мен неке жүзігі күрт қымбаттады

07.06.2026, 15:14

Қазақстанда зергерлік сала соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында зергерлік бұйымдар өндірісінің көлемі 1,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47,9 пайызға артқан, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Соңғы бес жылда өндіріс көлемі 3,5 еседен астам өсті. Егер 2021 жылдың алғашқы төрт айында бұл көрсеткіш 352,6 млн теңге болса, биыл рекордтық деңгейге жетті.

Алтын бағасы бес жылда қанша өсті?

Еnergyprom зерттеуіне сүйенсек, зергерлік бұйымдардың негізгі шикізаты саналатын алтынның құны да айтарлықтай қымбаттаған.

2021 жылдың мамырында бір грамм алтын 26 мың теңге тұрса, 2026 жылдың мамырында оның бағасы 68,6 мың теңгеге жеткен. Әсіресе соңғы екі жылда баға өсімі айқын байқалады.

Сарапшылардың мәліметінше, 2024 жылдың мамырынан бері алтын құны екі еседен астам артқан.

Неке сақиналары бір жылда 47 пайызға қымбаттады

Алтын бағасының өсуі дайын зергерлік бұйымдардың құнына тікелей әсер етуде. Соның ішінде неке сақиналары соңғы екі жылда тұрақты түрде қымбаттап келеді.

2026 жылдың сәуірінде алтын неке сақиналарының бағасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 47 пайызға жоғары болған. Ең жоғары баға Ақмола облысында тіркеліп, бір жылда 84,7 пайызға жеткен. Одан кейін Ұлытау (71%) және Жамбыл (68,6%) облыстары тұр.

Ал Алматыда алтын неке сақиналары бір жылда 58,3 пайызға қымбаттаған.

Сарапшылардың айтуынша, алтын бағасының өсуі сақталған жағдайда зергерлік бұйымдардың құны да алдағы уақытта жоғары деңгейде қала беруі мүмкін.