Қазақстандық дәрігерлер соңғы жылдары жастар арасында кең таралған бабл-ти сусынын шамадан тыс тұтыну денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, құрамында қант пен крахмалдың көп болуы асқазанның түйілуіне әкеліп, жиі ішкен жағдайда қант диабеті мен зат алмасу бұзылыстарының қаупін арттырады.
Бүгінде бабл-тиді Қазақстанның кез келген ірі қаласынан табуға болады. Шариктері бар бұл сусын елімізде шамамен жеті жыл бұрын танымал бола бастаған. Кофеханаларда оның ерекше көрінісі мен тәтті дәмі үшін сұранысқа ие екенін айтады. Кейбір орындарда күніне жүздеген стақан сатылады.
Сусынның басты ерекшелігі – тапиокадан жасалған «інжу-маржан» шариктері. Тапиока маниок өсімдігінің тамырынан алынатын крахмалдан дайындалады. Оған су мен тәтті шәрбат қосылып, арнайы өңдеуден өтеді.
Баристердің айтуынша, тапиоканың өзі жоғары калориялы өнім. Ал кейбір түрлеріне қоюландырғыштар мен бояғыштар қосылады.
– Кейбір шырын толтырылған тапиока шариктерінің құрамында түрлі химиялық қоспалар болады. Сондықтан оларды жиі тұтынуға болмайды. Жалпы тапиока өте калориялы өнім, – дейді бариста Маржан Серікқызы.
Дәрігерлер соңғы уақытта асқазан-ішек жолдарына қатысты шағыммен келетін жастардың көбейгенін атап өтті. Олардың арасында артық салмақ, инсулинге төзімділік және ас қорыту жүйесі бұзылыстары жиі кездеседі.
– Соңғы кезде созылмалы іш қату, асқазан тұсының жайсыздығы сияқты мәселелермен келетін науқастар көбейді. Сонымен қатар семіздік пен инсулинге төзімділікке шалдыққан жастар саны артып келеді. Мұндай жағдайлар фастфуд пен тәтті сусындарды жиі тұтынумен байланысты болуы мүмкін, – дейді гастроэнтеролог дәрігер Майгүл Шамшидинова.
Мамандар бабл-тиді аптасына бір реттен артық ішпеуге кеңес береді. Сондай-ақ оны жай сусын емес, жеке тағам ретінде қабылдап, басқа өнімдермен қатар тұтынбаған жөн екенін ескертеді.