Қазақстандықтар мобильді аударымдар бойынша белгіленген шектен асқаны үшін салық органдарынан хабарлама алған жағдайда, оны орындауға 30 жұмыс күні беріледі. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі LS-ке сілтеме жасап.
Ведомствоның түсіндіруінше, егер жеке тұлғаның шотына қатарынан үш ай бойы әртүрлі адамдардан 100 және одан да көп мобильді аударым түсіп, олардың жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (2025 жылы – 1,02 млн теңге) асса, мұндай шот бақылауға алынады.
Бұл ақпаратты салық органдары банктерден алады. Банктер кәсіпкерлік қызметтен табыс табу белгілері байқалған жеке тұлғалардың шоттары туралы мәліметтерді тоқсан сайын жолдап отырады.
Деректер талданғаннан кейін азаматтарға салық төлеуші ретінде тіркелу, салық есептілігін тапсыру және тиісті салықтарды төлеу қажеттігі жөнінде хабарлама жіберіледі.
МКК мәліметінше, хабарламаны алған азамат оны 30 жұмыс күні ішінде орындауы тиіс.
Егер азамат көрсетілген заңбұзушылықпен келіссе, тиісті кезең үшін нақтыланған салық есептілігін тапсырып, кемшіліктерді түзетуі қажет.
Ал хабарламадағы мәліметтермен келіспеген жағдайда, азамат салық органына өзінің ұстанымын негіздейтін жазбаша түсініктеме жолдай алады. Егер хабарламаның бір бөлігімен ғана келіссе, сол бөлігі бойынша талаптарды орындап, қалған мәселелер бойынша түсініктеме беруіне болады.
Түсініктемеде салық төлеушінің деректері, хабарламаның нөмірі мен күні, келіспеу себептері көрсетіліп, қол қойылуы тиіс. Сондай-ақ өз ұстанымын дәлелдейтін құжаттарды қоса тіркеу ұсынылады.
Мемлекеттік кірістер комитеті ұсынылған түсініктемелердің дұрыстығын тексеру үшін немесе хабарлама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда қосымша тексеру жүргізуі мүмкін екенін ескертті.
Қазір МКК мобильді аударымдар арқылы кәсіпкерлік қызмет жүргізу белгілері анықталған азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.