homepage
Видеодан кадр

Алматыда ер адамды өлтіріп, мәйітін жасыруға тырысқан күдікті ұсталды

07.06.2026, 10:21

Алматының Түрксіб ауданында полиция адам өлтіру қылмысын жедел ашты. 32 жастағы ер адамның мәйіті жеке тұрғын үй ауласындағы жалдамалы уақытша баспанадан табылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Полиция мәліметінше, оқиға орнына тергеу-жедел тобы жіберіліп, кешенді іздестіру шаралары жүргізілген. Нәтижесінде тәртіп сақшылары марқұмның араласқан ортасын анықтап, күдіктіні қысқа уақыт ішінде қолға түсірген.

Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға алдында екі ер адам бірге спирттік ішімдік ішкен. Кейін олардың арасында жанжал туындап, соңы қайғылы жағдайға ұласқан.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті жәбірленушіге ауыр дене жарақаттарын келтірген. Соның салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмған.

Полицейлердің айтуынша, күдікті қылмыстың ізін жасыру үшін мәйітті тағамдық үлдірмен орап, басқа жерге апарып тастауды жоспарлаған. Алайда бұл ойын жүзеге асырып үлгермеген.

Мәйіт табылғаннан кейін бірнеше сағат ішінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.