Интернет арқылы сауда жасағанда алаяқтардың жаңа тәсіліне тап болу қаупі бар. Мамандар бұл схеманы «қара үшбұрыш» деп атайды. Оның ерекшелігі – алаяқ сатып алушы мен сатушыны бір-біріне қарсы пайдаланып, өзі көзге түспей пайда табады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Схема қалай жұмыс істейді?
Fingramota жазуынша, алаяқ интернетке смартфон, тұрмыстық техника немесе басқа да сұранысқа ие тауарды нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан бағамен сататыны туралы жарнама жариялайды. Арзан бағаға қызыққан адам тауарды сатып алуға келіседі.
Осы кезде алаяқ төлем жасау үшін банк шотының нөмірін жібереді. Бірақ бұл шот өзінікі емес, басқа бір адамның – өз тауарын сатып жүрген нақты сатушының есепшоты болады.
Сатып алушы ақшаны көрсетілген шотқа аударады. Ал шот иесі бұл ақшаны өзінің тауары үшін келген төлем деп ойлайды. Ол ақша түскен соң тауарын алаяқ көрсеткен мекенжайға немесе оның сыбайласына жөнелтеді.
Нәтижесінде сатып алушы ақшасынан айырылып, тапсырыс берген затын алмайды. Ал нағыз сатушы өзі байқамай алаяқтық схеманың қатысушысына айналады. Ең соңында барлық пайда алаяққа тиеді.
Неліктен бұл қауіпті?
Бұл схемада ақша тікелей алаяқтың шотына түспейді. Сондықтан қаскөйдің ізін анықтау қиынға соғады. Оның үстіне алаяқ құрбандардың бір-бірімен байланысқа шығуына жол бермейді.
Өзіңізді қалай қорғауға болады?
Мамандардың айтуынша, «қара үшбұрыш» схемасының құрбанына кез келген адам айналуы мүмкін. Сондықтан интернет арқылы сауда жасағанда барынша мұқият болған жөн.