Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалануға арналған ең төменгі жеткіліктілік шектері жаңартылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың болашақ зейнетақысын қорғау екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомствоның түсіндіруінше, енді жеткіліктілік шектері жаңа әдістеме бойынша есептеледі. Онда салымшының жасы ғана емес, зейнетке шығуына дейінгі уақыт, болашақ зейнетақы төлемдері, инвестициялық табыс және басқа да ұзақ мерзімді көрсеткіштер ескеріледі.
Министрлік зейнетақы жинақтары күнделікті шығындарға арналған қаражат емес екенін атап өтті. Оның негізгі міндеті – азаматтарды зейнеткерлік кезеңде тұрақты табыспен қамтамасыз ету.
“Осыған байланысты ең төменгі жеткіліктілік шектері ұлғайтылды. Бұл өз кезегінде тұрғын үй сатып алу, емделу немесе қаражатты сенімгерлік басқаруға беру үшін мерзімінен бұрын алуға болатын соманы азайтады”, – делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй мен емделуге пайдалану мүмкіндігі сақталады. Зейнетақысы бұрынғы табысының кемінде 40 пайызын өтейтін азаматтар жинақтарының 50 пайызына дейін пайдалана алады. Ал еңбек сіңірген жылдары үшін мемлекеттік зейнетақы алатын азаматтар шоттағы қалған қаражатты толық көлемде жұмсауға құқылы.
Тақырыпқа орай: 2026 жылғы зейнетақы жинағының жеткіліктілік шегі күрт өсті
Министрлік мәліметінше, жеткіліктілік шектері соңғы үш жылда қайта қаралмаған. Сондықтан оларды жаңарту зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын сақтап, болашақта азаматтардың жеткілікті зейнетақы алуына мүмкіндік береді.
Ведомство жаңа әдістеме зейнетақы жинақтарының жеткіліксіз болу қаупін азайтып, қазақстандықтардың қаржылық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.