homepage
AP Photo

Сахарада жүк көлігі бұзылып, 49 адам шөлден көз жұмды

06.06.2026, 14:27

Сахара шөлінің Нигер, Мали және Алжир шекаралары түйісетін ең қауіпті әрі адам аяғы баспайтын аумағында жантүршігерлік оқиға болды. Жүк көлігінің бұзылып қалуы салдарынан 49 адам аптап ыстықта шөлге шыдамай қайтыс болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Мерекеден қайтқан жолаушылар

Жергілікті БАҚ хабарлауынша, қаза тапқандардың барлығы – Нигер азаматтары. Олар көршілес Мали елінде Құрбан айт (Ид) мерекесін атап өтіп, үйлеріне қайтып бара жатқан. Үйге дейінгі 300 шақырымнан астам жол бірнеше күнге созылуы тиіс еді.

Алайда жүк көлігінің жүргізушісі бағыттан адасып, нәтижесінде көлік мүлдем сусыз және ұялы байланыс ұстамайтын құла түзде өшіп қалған. Аптап ыстықта қалған адамдардың ішер суы бірнеше күнде таусылған.

«Мұндай экстремалды ауа райында, ешқандай елдімекен мен су көзі жоқ жерде тірі қалу мүмкін емес еді. Көлікте қалғандар оны жөндей алмаған немесе қалай жөндеу керек екенін білмеген», деп мәлімдеді Нигер билігі.

50 шақырымды жаяу жүріп өткен екі адам

Аптап ыстыққа оранған шөл далада тек екі ер адам ғана аман қалған. Олар көмек шақыру үшін Сахараның ыстық құмымен 50 шақырымнан астам жолды жаяу жүріп өткен. Ең жақын су көзі мен Ассамака елдімекеніне жеткен бойда олар билікке болған жағдайды хабарлаған.

Құтқарушылар оқиға орнына (Ассамакадан батысқа қарай 80 шақырым жерге) жеткенде, өкінішке қарай, көмек қажет еткен ешкім қалмаған. Көлік жанында қалған 49 адамның барлығы шөлден жан тапсырған.

Тасымалдау жұмысының қиындығына байланысты қаза тапқандардың денесі оқиға орнында, бауырластар зиратына жерленді.

Тағы бір көлік және 60-тан астам адам құтқарылды

Аталған қайғылы оқиғадан кейін іздестіру-құтқару шараларын жүргізген мамандар Ассамакадан 60 шақырым жерде тұрып қалған тағы бір жүк көлігін анықтады.

Көлікте 60-тан астам адам болған. Олардың шөл далада 3 күн бойы көмек күтіп тұрғаны белгілі болды.

Бұл көліктің жолаушылары Малидегі алтын өндіру аймағынан шығып, Нигер шекарасына қарай бет алған екен. Құтқарушылар уақытында жеткендіктен, оларды ажалдан аман алып қалуға мүмкін болды.