Қазақстанда халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары деңгейге жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасты құрад, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен болған.
Мәселен, 1991 жылы қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 67,6 жас болса, 2001 жылы – 65,6 жас, 2011 жылы – 68,98 жас, ал 2021 жылы 70,23 жас болған. Осылайша, соңғы 34 жылда ел тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 8 жылдан астам уақытқа ұзарды.
Мамандар мұндай оң өзгеріске денсаулық сақтау саласының дамуы, медициналық көмектің қолжетімділігінің артуы және халық денсаулығын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы зор екенін айтады.
Сондай-ақ Қазақстан 2025 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа өңірінде инфекциялық емес аурулардан болатын өлім-жітімді 25 пайызға төмендете алған алғашқы он елдің қатарына енді. Бұл жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік, қант диабеті және созылмалы тыныс алу жолдары ауруларымен күрес шараларының нәтижесін көрсетеді.
Үкіметтің 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасына сәйкес, алдағы жылдары қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу жоспарланып отыр.