homepage
pixabay.com

Қазақстанда ең көп сұранысқа ие мамандықтар анықталды

06.06.2026, 12:24

2026 жылы Қазақстан еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарға сұраныс әлі де жоғары болып отыр. Электронды еңбек биржасындағы мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы елімізде 1,09 млн бос жұмыс орны жарияланған, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамына сай, 2026 жылы бұл көрсеткіш 1,12 млн-нан 1,31 млн-ға дейін жетуі мүмкін. Базалық сценарий бойынша шамамен 1,2 млн вакансия ашылады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп.

Қай өңірлерде жұмыс көп?

Finprom зерттеуіне сүйенсек, ең көп бос жұмыс орны Астана қаласында күтіледі – шамамен 128 мың вакансия. Одан кейін Алматы (102 мың), Түркістан (98 мың), Павлодар (88 мың) және Қарағанды (77 мың) облыстары көш бастап тұр.

Ал ең төмен көрсеткіш Ұлытау (19 мың), Маңғыстау (26 мың) және Жетісу (28 мың) облыстарына тиесілі.

Ең сұранысқа ие салалар мен мамандықтар

Болжамға сәйкес, 2026 жылы мына салаларда кадр тапшылығы сақталады:

  • білім беру;
  • денсаулық сақтау;
  • өңдеу өнеркәсібі;
  • мемлекеттік басқару;
  • әлеуметтік қызмет көрсету;
  • ауыл шаруашылығы мен сауда.

Ең көп сұранысқа ие 10 мамандық:

  • қарапайым жұмысшылар (80,9 мың);
  • біліктілігі жоқ жұмысшылар (63,9 мың);
  • аула тазалаушылар (50,8 мың);
  • орта мектеп мұғалімдері (33,5 мың);
  • орта медициналық персонал (26,3 мың);
  • өңдеу өнеркәсібіндегі жұмысшылар (22 мың);
  • науқастарды күту қызметкерлері (20,2 мың)м
  • кеңсе тазалаушылары (20 мың);
  • балабақша тәрбиешілері (19,7 мың);
  • үй-жай тазалаушылары (19 мың).

Негізгі тренд қандай?

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда сұраныс негізінен жаппай және жұмысшы мамандықтарға шоғырланып отыр.

Сонымен қатар әлеуметтік сала мамандарына — мұғалімдер мен медицина қызметкерлеріне деген сұраныс та жоғары деңгейде сақталады.

Бұл жағдай елде инфрақұрылым мен әлеуметтік қызметтердің кеңеюімен, сондай-ақ халық санының өсуімен байланысты.