Конго Демократиялық Республикасында Эбола індетінің таралу қарқыны күрт күшейді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы бір тәулікте вирус жұқтырғандар саны 71 адамға көбейіп, расталған жағдайлар саны 452-ге жетті. Қаза болғандар саны да күрт өсіп, 82 адамға жеткен.
Ведомство өкілдері мұндай күрт өсім биылғы мамыр айында басталған індеттен бері алғаш рет тіркеліп отырғанын мәлімдеді. Жаңа науқастардың басым бөлігі әйелдер екені айтылды.
Мамандардың пікірінше, жағдайдың күрт нашарлауына індет ошағы саналатын Итури провинциясындағы бұған дейін жету қиын болған аудандарға медицина қызметкерлерінің қол жеткізуі себеп болуы мүмкін. Әсіресе Угандамен шекаралас Махаги ауданында қарулы топтардың кесірінен дәрігерлердің жұмысы ұзақ уақыт бойы қиындаған.
Қазіргі індет Эболаның сирек кездесетін Бундибуджио штамынан туындаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл штамға қарсы әзірге ресми мақұлданған вакцина немесе арнайы емдеу әдісі жоқ.
Эбола індеті Конго мен көршілес Угандада 15 мамырда ресми түрде жарияланған болатын. Кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жағдайды халықаралық маңызы бар төтенше санитарлық оқиға деп таныды.
Сарапшылар қазіргі індеттің 1976 жылдан бергі ең ірі ошақтардың біріне айналғанын айтып отыр. ДДСҰ мен Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы індетпен күресуге арналған алты айлық ауқымды жоспар қабылдап, оған 518 миллион доллар көлемінде қаржы тартуды көздеп отыр. Бағдарлама Конго мен Угандадағы індетті ауыздықтауға және көрші елдердің дайындық деңгейін күшейтуге бағытталған.
Қазіргі таңда вирус негізінен Итури, Солтүстік Киву және Оңтүстік Киву провинцияларында таралған. Мамандар індеттің қоғам ішінде белсенді таралып жатқанын айтып, тұрғындарды санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақыруда.