Осыдан он күн бұрын газдан жарылыс болып, бір үй жермен‑жексен болды. Қазір сол шаңырақтың орнында қираған баспананың үйіндісі жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға болатын күні 58 жастағы Райгүл кешке сағат алтыдан өте жұмысынан оралады. Бала-шағасы ол кезде үйде болмапты. Отанасы шаңырағының табалдырығын аттаған бойда жарылыс болған. Марқұм сол жерде үйінді астында қалып көз жұмады.
Қазір анасынан айрылып, үйсіз қалған Исаевтар отбасының жағдайы мүшкіл.
— Жолдасына, балаларына, немерелеріне тіптен ауыр соққы болды. Келіндері аяғы ауыр еді, әлі есін жия алмай ауырып жүр. Балалары да не істеп, не қойғанын білмей, оларға да оңай емес. Бірінші анасынан, үйінен, баспанасынан айрылып, мынандай жағдайда қалып отыр, – дейді Мейрамгүл Тынымова.
Үй қирап қалған соң, балалары аналарын туыстарының шаңырағынан ақтық сапарға шығарып салған. Қазір өздері жақындарын жағалап жүр.
Әкімдіктегілерден көмек сұрағанымен, қайран болмапты. Бір рет көмектің өзі тиесілі емес деп шығарып салған.
— Қазіргі жағдайда қайтыс болған інісінің саяжайдағы үйінде тұрып жатырмыз. Екі қызым басқа жақта уақытша тұрып жатыр. Әкімнің орынбасарына барғанда, ол еш көмек болмайтынын айтты. Тек өрт болғанда, суға кеткен жағдайда ғана көмек болады екен. Ал мынандай жарылыс кезінде болмайды дейді. Мынау жарылыс өрттен де қатты болып тұр. Қазір үйіміз жоқ”, – дейді Бекбол Исаев.
Енді жарылысатан баспанасы түгел қираған қаралы отбасы жұрттан жылу жинауға мәжбүр. Одан басқа амалы жоқ.
Ал газдың неден жарылғаны белгісіз. Тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғап, сараптама тағайындаған.
— Ақтөбе қаласы полиция басқармасымен аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде. Бірқатар сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданады, – дедді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Газ жарылған үйдің қос көршісі де зардап шеккен. Олардың да баспанасының қабырғасы қақырап, терезелері сыныпты. «Адамдарымыз аман» деп, шүкір етеді. Қазір үйлерін өз күшімен жөндеп жатыр.