Қызылорда облысының Шиелі ауданында канал шлюзінен қыздың мәйіті табылуына байланысты тергеу басталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 3 маусымда кешкі уақытта аудан тұрғыны құқық қорғау органдарына шлюз маңынан мәйіт табылғаны туралы хабарлаған.
Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері марқұмның жеке басын анықтады.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстарын жүргізу үшін тәжірибелі полиция қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, қыз 2 маусымда кешкі уақытта үйінен шығып кетіп, содан кейін қайта оралмаған. Оның жоғалғаны туралы туыстары хабарлаған.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және оған қатысы болуы мүмкін тұлғаларды белгілеу мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ полиция әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан ақпараттарға қатысты пікір білдірді.
Ведомство кейбір мәліметтердің ресми тергеу деректеріне сәйкес келмейтінін айтып, тұрғындарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.
Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейтінін атап өтті.
Істің тергелу барысы облыстық полиция басшылығының ерекше бақылауына алынды.