homepage
t.me/kozachkow

Астанада қаржы сарапшысы алаяқтық жасағаны үшін сотталды

05.06.2026, 17:23

Астанада өзін қаржы сарапшысы әрі кәсіпкер ретінде танытып келген 31 жастағы Ильяр Интизамов алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Сот оны үш эпизод бойынша кінәлі деп танып, 5,5 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

 Kozachkow Телеграм-арнасының жазуынша, Интизамов бұған дейін ауыл шаруашылығы саласының маманы ретінде БАҚ-қа жиі пікір беріп, астық нарығына қатысты болжамдар жасап жүрген. Сонымен қатар қаржылық сауаттылық пен инвестиция тақырыбында шеберлік сабақтарын өткізіп, ақша басқару жөнінде кеңес берген.

Іс материалдарына сәйкес, ол 2025 жылы үш адамды алдап, жалпы сомасы 110 миллион теңгеден астам қаржыны иемденген.

Бірінші жағдайда Интизамов Астанадағы кәсіпкерлер чатында таныс әйелден жобасына инвестиция салу үшін 8 миллион теңгеден астам қарыз алып, оны қайтармаған. Тергеу дерегінше, ол өзін кәсіпкер ретінде көрсетіп қана қоймай, Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі ретінде таныстырған.

Екінші эпизодта ол аграрлық салада жұмыс істейтін танысынан пәтерін сатуға уәде беріп, 86 миллион теңгеден астам ақша алған. Алайда кейін мәмілені жұбайының келісім бермеуімен түсіндіріп, пәтерді рәсімдемеген.

Үшінші жағдайда сотталушы сол пәтерді басқа адамға сатпақ болған. Риелтор арқылы алдын ала төлем алып, оны кепілден шығару үшін кредиторға аударған. Кейін банкке қайта барып, аударымды кері қайтарып, ақшаның басым бөлігін қолма-қол шешіп алған.

“Сот Интизамовты алаяқтықтың барлық эпизоды бойынша кінәлі деп танып, 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ ол жәбірленушілерге 110 миллион теңгеден астам шығынды өтеуге міндеттелді”, – делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ және тараптардың оны апелляциялық тәртіппен шағымдануға құқығы бар.