Полиция тұрғындарды медициналық қызметтерді пайдалану кезінде алаяқтардың арбауына түспеуге шақырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Полиция мәліметінше, соңғы уақытта өзін медицина қызметкері, емхана өкілі немесе денсаулық сақтау ұйымының маманы ретінде таныстыратын алаяқтар көбейген.
“Олар азаматтарға түрлі қызметтерді ұсыну немесе деректерді жаңарту сылтауымен хабарласып, жеке мәліметтерді, банк карталарының деректерін не SMS арқылы келген кодтарды сұратуы мүмкін”, – деп ескертті Абай облыстық полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы.
Осыған байланысты құқық қорғау органдары тұрғындарға күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге, бейтаныс адамдарға жеке деректерін бермеуге және ешқандай жағдайда банк қосымшаларындағы кодтарды жария етпеуге кеңес береді.
Егер сіз алаяқтардың әрекетіне тап болсаңыз немесе күмәнді жағдайларды байқасаңыз, дереу полицияға хабарласу қажет.