Алматы қаласы Оқушылар сарайында Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен, «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ ұйымдастыруымен республикалық «SUPER LIGA» Жайдарман ойындарының 1/4 финалдық кезеңі өтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Аталған кезеңде еліміздің әр өңірінен жиналған 17 команда өзара бақ сынап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Қатысушылар әзіл мен тапқырлықты ұштастыра отырып, сахнада жұлдызды қонақтармен өз өнерлерін көрсетті.
Ойын қорытындысы бойынша «ҚазҰУ құрамасы» Алматы қаласы, «AlmaLive» Алматы қаласы, «Тұздыбастау» Алматы облысы, «Дилигент» Алматы қаласы, «Qyzdar-ai» Талдықорған қаласы, «Мадмуазель» Шымкент қаласы, «Қарағанды құрамасы» Қарағанды қаласы, «SU» Алматы қаласы командалары жартылай финалға тікелей жолдама алып, келесі кезеңге өтті.
Ал қосымша жолдама иегерлері туралы ақпарат Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланатын болады.
Ойынға тәжірибелі мамандардан құралған қазылар алқасы төрелік етті. Қазылар құрамында продюсер, автор, «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ Алматы филиалының директоры Оңдасын Құлымбетов, Жайдарман түлектері, автор, сценарист Ақболат Өтебай, Дархан Оспанов, Данияр Бекжанов, режиссер Дархан Карипов және MMA спортшысы, блогер, актер Арнұр Қабдолдаев болды.
Ұйымдастырушылар барлық көрерменге, қатысушы командаларға және іс-шараның өтуіне үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.
Жайдарман – жастардың шығармашылығын дамытатын, достық көңілді паш ететін, тапқырлық пен өнерді дәріптейтін бірегей жоба.
Алдағы жартылай финалдық кездесулерде командалар арасындағы бәсеке бұдан да қыза түсуеді деп болжанып отыр.