Спорт деген бір сиқыр... Әсіресе, ала доптың арбауы алақұйын. Төрткүл дүние түгел көз тігетін төрт жылдықтың басты бәсекесіне тура бес күн қалды. Бірден айта кетейік, бұл мундиаль - бұрынғыдан мүлдем бөлек. Бірінші рет - бір емес, екі емес, үш елдің аумағында (АҚШ, Канада, Мексика) қатар өтеді. 32 емес, 48 елдің ұлттық құрамасы қатысады. Жаһан жұрты 64 емес, 104 матч көреді.
Хош. Биылғы әлем біріншілігінің басты интригасы - Месси мен Роналду. Аргентина мен Португалия дуэлі. Екі аңыз, екі фаворит, екі мықтының текетіресі... Екі аңыз ойыншы үшін де бұл соңғы әлем чемпионаты. Роналду Ұлттар лигасын жеңген. Бірақ Месси секілді футболдың ең биік шыңын бағындырған жоқ. Месси әлем чемпионаттары тарихында ең көп матч өткізген футболшы. 26 ойынға қатысқан. 2022 жылғы мундиальдің финалында Лотар Маттеустің (25 ойын өткізген) рекордын жаңартты. Ал Роналду 5 әлем чемпионатында қатар гол соққан алғашқы футболшы. Қатардағы мундиальға дейін жалпы екеуінің статистикасы тең болған. Мессиде 6, Роналдуда 7 гол. Бәрі Дохада өзгерді. Месси 7 гол, 3 нәтижелі паспен чемпиондық титулды жеңіп алды. Роналду болса, әлем чемпионаттарында 8 гол соққан. Бірақ бәрі топтық кезеңде тіркелген. Плей-оффта гол салмақ тұрмақ, нәтижелі пасы да жоқ. Жалпы, Роналдудың әлем чемпионатындағы ойынын еске алсаңыздар бір-ақ дүние ойға оралады. Ол 2018 жылғы Испанияға қарсы ойыны. Сол кездесуде хет-трик жасаған. Мессидің мақтанатыны қатарынан екі финал, турнирдің үздік ойыншысы деген атағы бар. Осы атаққа португалиялық жұлдыз биыл жете ала ма, жоқ па деген сауалға әлем жұрты көп кешікпей көз жеткізеді.
Футболдан биылғы әлем біріншілігінің жалпы жүлде қоры 871 млн доллар. Бұл Қатарда өткен доп додасының сыйақысымен салыстырғанда екі есе көп. Әрі, бұл ақша түгел ұлттық құрамаларға үлестіріледі. Мәселен, мундиаль жеңімпазы 50 млн доллар алса, ақтық айқасқа шыққан екінші команда яғни, күміс жүлдегер 33 млн доллар сыйақы алады. Үшінші және төртінші орын алған командаларға тиісінше 29 және 27 млн доллардан бұйырады. Мұны аз десеңіз, әлем чемпионатына қатысқан әр командаға ФИФА 10 миллион доллар береді. Турнирге дайындалғаны үшін тағы 2,5 млн доллар төлейді. Сонда бір ұлттық құрама кемі 12,5 млн доллардан алады. Бірақ бұл қаржы ФИФА-ның табысымен салыстырғанда теңізге тамған тамшыдай ғана. Сарапшылар болжамы бойынша Ұйым соңғы екі жылда 13 миллиард доллар таппақ. Оның басым бөлігі жарнама мен телетранслияция құқықтарын сатудан түседі.
Биылғы доп додасы жазғытұрым геосаясатқа да тұздық болды. Ол – Иран ұлттық құрамасының тағдыры. Наурызда АҚШ Президенті Дональд Трамп Иран құрамасының турнирге қатысуына қатысты күмәнді ойын күлбілтелеген. Парсылардың спорт министрі «онда Америкадан мундиальді өткізу құқығын тартып алу керек» деп тулады. Сосын Иран тарабы ФИФА-мен келіссөздер жүргізіп, АҚШ-қа бармау үшін өз ойындарын Мексикаға ауыстыруды сұрады. Мексика Президенті бұған қарсы емес екенін айтты. Сөйтіп, сөз күйінде қалған талас-тартыс доп додасы жақындағанда тағы да жалындап, Иран ойыншылар виза ала-алмай сабылды. Кейін бұл кедергінің жолы кесілген соң, Иран «нартәуекел» деп АҚШ-қа аттанатын болды. Бірақ олардың жаттығу алаңы АҚШ та емес, Мексиканың Тихуана қаласында орналасқан. Қазақтың көршісі Иран мен АҚШ арасындағы ойын халықаралық саясат сахнасында итжығыс түсіп жатқанын ескерсек, даудың жаңғырығы дәл осы чемпионат кезінде тағы даурығып кетуі бек мүмкін...
Көрші демекші, өзбек ағайындар Орталық Азиядан футболдан әлем біріншілігіне алғаш рет қатысқалы отыр. Сөйтіп, Хусанов, Шамородов, Файзуллаев бастаған саңылақтар санаулы күннен кейін дүниежүзілік доп додасында тұңғыш рет доп тебеді. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тай озсын» дейтін, қазақ дәл осы мундиальде Өзбекстан ұлттық құрамасы үшін жанкүйер болары анық. Елдегі футбол сүйер қауымның көбі осылай деп желпініп жүр. Жалпы, өзбекке тілеулес болатындар Орталық Азия елдері ғана емес. Түбі бір түркілер мен ТМД төңіректеген жұрт та алашапанды ағайынға айрықша тілектес болары анық. Ал өзбек құрамасының әлеуетін қазір әркім, әрқалай саралап жүр. Чемпион болмасада плей-оффқа шығуға мүмкіндігі бар. Осы кезеңге жету мүмкіндігін қазір 12% дан асады деп болжаған, білетіндер. Конгоны ұтып, Колумбиямен тең ойнаса неге шықпасқа?! Дегенмен, өзбек ағайын ойнайтын K тобындағы басқа ел құрмаларын осал деуге келмейді. Мәселен дәл қазірге таңда Өзбекстан құрамасының құны 70 млн евро болса, колумбиялық команда 300 млн евро…
Биылғы әлем чемпионатының әр секунды алтын. Осы біріншілікте футболшы допты ойынға қосарда 10 секундттан артық уақыт созса, бірден жазаланады. Мысалы, ойыншы алмастыратын кезде алаңдағы ойыншы 10 секундта шығып үлгермесе, ойынға жаңадан қосылатын ойыншы 1 минут бойы алаң жиегінде күте тұруға мәжбүр болады. Жаңадан енгізілген тағы бір ереже аутқа кеткен допты ойынға қосу кезінде уақыт созуға болмайды. Аутқа кеткен доп ойынға 6 секундта қосылмаса, доп қарсыласқа беріледі. Қақпадан тебу де солай. Қақпашы допты ұзақ ұстаса, қарсылас бұрыштама тебу бақытына ие болады. Алаңда алысып-жұлысып қалған кезде футболшы аузын жауып сөйлесе, ескерту алады. Ал егер ерегес біразға созылып, тұтас команда наразылық білдіретін болса, техникалық тұрғыдан жеңіледі. BAR жүйесінің де өкілі өзгереді. Енді төрешілер қате көрсетілген екінші сары қағазды қайта қарап, өз шешімін өзгерте алады. Бұрыштама да дәл солай. Қате тағайындалған бұрыштама қайта қаралуы мүмкін. Ал берілмей қалған бұрыштама үшін ойын тоқтатылмайды. Ең даулы өзгерістердің бірі стандарт алдындағы тәртіп бұзулар. Бұрын шабуылшы команда доп ойынға қосылмай тұрып, қарсыласын итеріп немесе ұстап қалса BAR бұл жағдайға араласа алмайтын. Енді мұндай тәртіп бұзушылық мүлдем болмайды. Қысқасы биылғы әлем біріншілігінде футбол шеберлікпен ғана емес, тәртіппен де бағаланады. Әзірге бұл өзгерістердің қалай жүзеге асатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Соған қарағанда, жаңа талаптар талайдың апшысын қуырып, өзегін өртейтіні рас. Ал оған кімнің қандай дау айтып, нендей уәж келтіретінін елестетудің өзі қиын. Қысқасы, үлкен спортқа үлкен саясаттың қалай, қайтіп ықпал ететінін де ел осы жолғы әлем біріншілігінде көретін болады.
Айтпақшы, биылғы әлем чемпионатынан біздің ел де дәмесіз қалмайды. Нақтырақ айтсақ, «Астана» футбол клубы алдағы әлем чемпионаты арқылы «қоғамдық» деп аталатын қаржыға кенелмек. Шамамен 250 мың доллар. Бәрі елордалық жартылай қорғаушы Иван Башичтің арқасы. Босния және Герцеговина құрамасында мундиальде доп тепкені үшін «Астана» клубына ақша түсіп тұрады. ФИФА оның әр ойыны үшін клубқа кемі 11 мың доллар төлейді. Ал егер, Босния және Герцеговина доп додасының плей-офф кезеңіне өтіп жатса, «Астана» алатын өтемақы көлемі сәйкесінше арта түседі.
Бекәлі Жәдік