Кредиттік тарих – азаматтың барлық несиелері мен қарыздары, сондай-ақ оларды уақытында өтегені туралы мәліметтер жинақталған ресми құжат. Ол алғашқы қарыз рәсімделген сәттен бастап қалыптасады және банктер мен қаржы ұйымдары жаңа несие беру кезінде клиенттің төлем қабілетін бағалау үшін пайдаланады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, оң кредиттік тарих болашақта несие алуды жеңілдетіп, тиімді шарттармен қарыз рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Қазақстандықтар жылына бір рет өздерінің дербес кредиттік есебін тегін ала алады. Ал сол күнтізбелік жыл ішінде қайта сұратылған есеп ақылы түрде беріледі.
Кредиттік есепті Бірінші кредиттік бюроның сайты немесе мобильді қосымшасы, eGov.kz порталы, ХҚКО, «Қазпошта» бөлімшелері, сондай-ақ Мемлекеттік кредиттік бюро арқылы алуға болады.
Егер есепте қате мәліметтер анықталса, мысалы, бұрын өтелген қарыз немесе толық жабылған несие бойынша кешіктіру көрсетілсе, азамат тиісті банкке немесе микроқаржы ұйымына жүгініп, өз шағымын растайтын құжаттарды ұсынуы қажет.
«Ал қате ақпарат Бірінші кредиттік бюроның деректерінде көрсетілген жағдайда, оны бюроның ресми сайты арқылы тегін даулауға болады», – дейді мамандар.
Мамандар қаржылық қауіпсіздікті күшейту үшін «Кредиттік тарихты бақылау» қызметін қосуды ұсынады. Бұл сервис жаңа қарыздың рәсімделуі, төлем мерзімінің кешігуі, берешек көлемінің өзгеруі сияқты кредиттік тарихтағы барлық маңызды өзгерістер туралы хабарлама алып отыруға мүмкіндік береді. Қызметті eGov.kz порталы немесе Бірінші кредиттік бюроның сайты мен мобильді қосымшасы арқылы қосуға болады.