homepage
aa.com.tr

Зеленский Путинге хат жолдады

05.06.2026, 14:43

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинге ашық хат жолдап, тікелей кездесу өткізуді және келіссөздер кезінде атысты уақытша тоқтатуды ұсынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Зеленскийдің айтуынша, Украина соғысты ұзартуға мүдделі емес және негізгі мақсат – қантөгісті тоқтатып, бейбіт шешімге келу. Ол сондай-ақ тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды толық алмасу, балаларды қайтару сияқты гуманитарлық қадамдарға дайын екенін мәлімдеді.

Бейбіт келіссөздерді қайда өткізу ұсынылды?

Украина басшысы келіссөздерді бейтарап елдерде – Швейцарияда, Түркияда немесе араб мемлекеттерінің бірінде өткізуді ұсынды.

Оның пікірінше, мұндай кездесуге АҚШ пен Еуропа Одағы да қатысуы тиіс, себебі олар қауіпсіздік кепілгері бола алады.

Зеленский майдан шебі бейбіт келіссөздердің бастапқы нүктесіне айналуы тиіс екенін айтып, нақты дата белгілеуді ұсынды.

Сонымен қатар ол Украина соғысты тоқтатуға дайын екенін, бірақ бұл тек нақты дипломатиялық келісімдер мен қауіпсіздік кепілдіктері аясында жүзеге асуы керек екенін атап өтті.

«Соғыс – саяси таңдау және оны тоқтатуға болады»

Зеленский өз хатында соғыстың жалғасуына Ресей басшылығын жауапты деп атап, Украинаның ұзақ уақыт бойы қарсыласқанына қарамастан, өз тәуелсіздігін сақтап отырғанын айтты.

Оның айтуынша, соғыстың Ресейге де ішкі экономикалық және әлеуметтік қысым түсіріп отырғаны байқалады.

Сондай-ақ ол Ресей тарапының ұзаққа созылған әскери жоспарлары бар деген ақпараттарға сілтеме жасады.

Украина президенті әлем елдерінде соғыстан шаршау сезімінің күшейіп келе жатқанын, ал бейбіт келісімге келу үшін тарихи мүмкіндік пайда болғанын жеткізді.

Зеленскийдің айтуынша, Украина кез келген жағдайда тәуелсіздігін сақтап қала алады және соғысты тоқтатуға бағытталған нақты диалогқа дайын.