homepage
Juzmedia.kz

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

05.06.2026, 12:53

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 17,00% деңгейінде белгіледі, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Ұлттық банктен мәлім еткендей, шешім инфляцияның баяулауы мен макроэкономикалық жағдайдың жаңартылған бағасына негізделді.

Елдегі жылдық инфляция мамырда 10,4% болды (бұрын 12,9%). Бағаның өсу қарқынының баяулауы азық-түлік, қызметтер және жекелеген тауарлар сегменттерінде байқалады.

Айлық инфляция да 0,7%-ға дейін төмендеген.

Ұлттық банк 2026 жылға инфляцияны 9-11% деңгейінде күтеді. Ал 2028 жылға қарай ол 5% нысаналы деңгейге дейін төмендеуі мүмкін.

“2026 жылы экономикалық өсім 4,5-5,5% аралығында болады деп болжанып отыр”, – дейді мамандар.

Инфляцияның баяулауына теңгенің нығаюы, ішкі сұраныстың тұрақтануы және әлемдік нарықтағы баға үрдістері әсер еткен.

Сонымен қатар геосаяси тәуекелдер мен тарифтер өзгерісі сияқты факторлар әлі де сақталып отыр.

Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 2026 жылғы 24 шілдеде жарияланады.