Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі 2026 жылдың мамыр айындағы жұмыс қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, бір ай ішінде 83 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы тіркелген.
Анықталған қылмыстардың басым бөлігі пара алу, жымқыру және алаяқтық фактілеріне қатысты болған.
“Мамыр айында сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша 45 адам күдікті ретінде танылған.
Сонымен қатар 85 қылмыстық істің тергеуі аяқталып, оның 66-сы сотқа жолданды”, – делінген ҰҚК хабарламасында.
ҰҚК мәліметіне сәйкес, аяқталған қылмыстық істер бойынша анықталған жалпы залал көлемі 1,5 млрд теңгеге жеткен.
Тергеу нәтижесінде 835,3 млн теңге бюджетке қайтарылды. Бұдан бөлек, құны 11,2 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Ведомство сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекетке келтірілген шығынды өтеу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.