Ақтөбеде оқушылар мен студенттердің, тіпті шенеуніктердің қауіпсіздігін бақылауға бюджеттен жарты миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ең қызығы, осы қомақты ақшаны айналдырған бірнеше айдың ішінде жергілікті күзет компаниясы түгелімен жеңіп алады. Нарыққа келгеніне үш жыл да толмаған бұл фирма қазір өңірдегі мемлекеттік мекемелерді күзету бойынша ең ірі мердігерге айналып отыр. Шарттардың көбі мектептер мен балабақшаларға тиесілі. Кеше ғана ашылған күзет бизнесі мемлекеттік сатып алу нарығын қалай дөңгелетіп әкетті? Juzmedia.kz мәселенің мән-жайын үңілді.
Өз баласының қауіпсіздігі үшін алаңдамайтын ата-ана жоқ. Бүгінде білім ошағындағы күзетші жай ғана кіреберісте тұратын қарауыл емес, кенеттен қауіп төнсе, балалардың өмірін арашалап қалатын маңызды қызмет. Осыны ескерсек, Ақтөбедегі мектеп күзетіне бөлінген миллиондардың тек бір фирманың қалтасыны түсуі күмән мен күдік тудырады.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметтерге қарасақ, тендер атаулының денін –«Актобе-04-Кузет» ЖШС қанжығасына байлап келеді. Серіктестік қазірдің өзінде ондаған мемлекеттік мекемемен шарт бекітіп үлгерген. Тапсырыс берушілердің арасында мектеп, гимназия, колледждермен қатар, ауруханалар мен аудандық әкімдіктер де бар.
Тек білім беру мекемелерінің өзі бұл фирманың қоржынын миллиондап толтырып отыр. Биыл бекітілген келісімшарттардың сомасы мынадай:
Мектептерден бөлек, компания Ақтөбе облыстық көпбейінді ауруханасымен (шамамен 14 млн ₸) және Республикалық ветеринариялық зертхананың Қарағандыдағы филиалымен (42 млн ₸) де келісімшарт жасасқан.
Жергілікті билік те осы фирманың қызметіне иек артады: биыл серіктестік Мәртөк ауданы әкімі аппаратынан — 9 млн теңге, Ембі қаласы әкімдігінен — 7 млн теңге, ал Әйтеке би ауданы әкімдігінен 4,3 млн теңгенің тендерін ұтып алған.
Осы келісімшарттардың басын қоссақ, компанияның биылғы мемлекеттік тапсырыс көлемі 470 миллион теңгеден асып жығылады.
Бұл биыл ғана басталған хикая емес. Компания соңғы екі-үш жылда мемлекеттік тапсырысты ешкімге дес бермей келеді. Соған қарағанда, өңірдегі миллиондар айналатын осы майлы шелпекті бір ғана фирманың астына басып алу үрдісі әбден қалыптасып үлгерген сияқты.
Қағаздағы талап пен өмірдегі шынайылық
Құжатқа сүйенсек, мектеп күзетін мойнына алған фирмаға қойылатын талап өте қатал. Мердігер тәулік бойы күзет постын ұйымдастыруға, лаңкестік қауіптің алдын алуға, бейнебақылауды қадағалап, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Ең бастысы дабыл түймесі басылған сәттен бастап, жедел әрекет ету тобы нысанға 5 минут ішінде жетіп келуі керек. Ал күзетшілердің арнайы дайындықтан өткенін растайтын сертификаттары болуы шарт.
Талап қатал, бірақ мәселе басқада. Егер бұл нарықта шынымен әділ бәсеке болса, неліктен жүздеген миллион теңгенің келісімшарты тек бір ғана компанияның уысында қалып отыр?
Әңгіме мыңдаған баланың тағдыры мен қауіпсіздігі туралы болғандықтан, бұл жерде мемлекет барынша ашықтықты қамтамасыз етуі керек еді. Бір компанияның бірнеше тендерді қатарынан ұтып алуы заңға қайшы емес. Алайда, барлық тапсырыстың бір қолға шоғырлануы нарықтағы таза бәсекенің жоқтығын аңғартса керек.
Ал, ең қызығы мыңдаған ақтөбелік азаматтың қауіпсіздігіне жауап беретін компания өзін әлі сенімді әрі салмақты ұйым ретінде таныта алмаған. Себебі, «Актобе-04-Кузет» ЖШС 2023 жылдың 20 маусымында ғана тіркелген. Мемлекеттің жүздеген миллионын игеріп отырған фирманың жұмысшылар саны 30 адамнан аспайды, яғни шағын кәсіпорын санатында. Жалғыз құрылтайшысы әрі басшысы Айтбай Жанерке Жеткергенқызы есімді азамат.
Компанияның қаржылық табысы да жыл санап еселеп өсіп келеді. Тіркелген жылы бюджетке бар-жоғы 35 мың теңге салық төлеген фирма, келесі жылдары миллиондап салық құя бастаған.
«Ақтөбе-04-Күзет» ЖШС-нің салық көрсеткіші:
2023 ж. – 35 535 ₸
2024 ж. – 6 127 092 ₸
2025 ж. – 11 111 167 ₸
2026 ж. – 2 550 979 ₸
(ba.prg.kz мәліметі бойынша)
Бүгінде бала қауіпсіздігі бюджет қаржысын аямай жұмсайтын үлкен нарыққа айналды. Ата-аналар мектепке бөлінген миллиондар балаларымызды нақты қауіптен қорғайды деп сенеді. Ендігі кезекте құзырлы органдар мына сұраққа жауап беруге міндетті: бұл саладағы қыруар қаржы неге бір қолдың ғана уысында отыр?
Балалардың қауіпсіздігі монополияның емес, әділ бәсекенің қағидатымен қамтамасыз етілуі керек. Өйткені әңгіме кезекті мемлекеттік тапсырыс туралы емес, мыңдаған баланың өмірі мен амандығы туралы болып отыр.