Алматы қаласының прокуратурасы бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен байланыстырылған компанияның заңсыз иелігіндегі «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің 100 пайыз үлесін мемлекетке қайтарды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Прокуратураның мәліметінше, 2015 жылы серіктестіктің құрамындағы құнды активтер заңсыз жекешелендірілген. Әңгіме Алматы қаласының Әуезов ауданында орналасқан, жер телімімен бірге берілген жалпы аумағы 2 108,3 шаршы метр ғимарат туралы болып отыр.
Мемлекеттің мүліктік мүддесін қорғау мақсатында Әуезов аудандық прокуратурасы жекешелендіру туралы келісімшарт пен одан кейін жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тануды сұрап, сотқа талап-арыз берген.
Істі қараған кассациялық сот прокуратураның талаптарын толық қанағаттандырды.
“Сот шешіміне сәйкес, құны 1,3 млрд теңге болатын «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің активтері мемлекет меншігіне қайтарылады”, – делінген прокуратура хабарламасында.
Прокуратура бұл жұмыс мемлекеттік мүлікті заңсыз иеліктен шығаруға жол бермеу және мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау мақсатында жүргізілгенін атап өтті.