Павлодар облысының Баянауыл ауданында болған жол-көлік оқиғасынан кәмелетке толмаған жолаушы қаза тапты. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты Торайғыр ауылының маңында болған.
Алдын ала дерек бойынша, Lada-21214 көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, автокөлік жол жиегіндегі арыққа аударылған.
“Апат салдарынан көлікте болған кәмелетке толмаған жолаушы ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды”, – делінген облыстық ПД хабарламасында.
Полиция аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлады. Қазіргі уақытта көлік арнайы айып тұрағына қойылып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдықты асырмауға және көліктің техникалық жағдайын тұрақты бақылап отыруға кеңес берді.
Тергеу нәтижесінде жол апатының нақты себептері мен мән-жайы белгілі болады.