homepage
Juzmedia.kz

Ақтауда арнайы орталықтың үшінші қабатынан құлап кеткен бала көз жұмды

04.06.2026, 17:52

Ақтауда сегіз жастағы Нұрәлі Рухламиновтың қазасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. III топтағы мүгедектігі бар (екі құлағы естімейтін) бала коррекциялық орталықтың үшінші қабатынан құлап, екі айға жуық уақыт бойы дәрігерлердің бақылауында болғанына қарамастан, Алматыдағы клиникалардың бірінде көз жұмды, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап. 

Марқұмның туыстары оқиғаны ересектердің салғырттығымен байланыстырып, тергеудің баяу жүріп жатқанын айтады.

Оқиға қалай болған?

Отбасының айтуынша, қайғылы жағдай 2026 жылғы 27 наурызда шамамен сағат 14:00-де Ақтау қаласының 24-шағынауданында орналасқан «Lumi Land» коррекциялық орталығында болған. Бұл мекеме жеке балабақша ғимаратының үшінші қабатында орналасқан.

Бала құлағаннан кейін көптеген ауыр жарақат алған. Жеткіншектің аяқ-қол сүйектері сынып, жамбасы, ішкі ағзалары, қан тамырлары мен омыртқасы зақымданған.

Нұрәлі алдымен облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, ем алғаннан кейін үйіне шығарылған.

Алайда жағдайы нашарлап, 17 сәуірде қайта жансақтау бөліміне түскен. Кейін санитарлық авиациямен Алматыға жеткізілгенімен, 20 мамырда бала көз жұмды.

Тараптар уәжі қандай?

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 141-бабы бойынша іс қозғалған. Бірақ туыстары тергеудің жеткілікті деңгейде жүргізілмей жатқанын алға тартады.

Олар ұсынған бейнебақылау жазбасында бөлмеде үш баланың ересектерсіз қалғаны көрінетіні айтылады.

Кадрларда балалардың терезеге жақындап, бір сәтте оның ашылғаны байқалады. Нұрәлі сол кезде терезеге барып, сыртқа ұшып кеткен шарды алмақ болған болуы мүмкін деген болжам бар. Алайда нақты құлау сәті видеоға түспеген.

Марқұм баланың атасы бұл оқиғаға жауапты тұлғалар жазасыз қалмауы керек деп есептейді.

Ресми органдар жауабы

Ал Ақтау қалалық білім бөлімі «Бойтұмар» балабақшасына тек бірінші және екінші қабат тиесілі екенін, ал коррекциялық орталық жеке жұмыс істегенін хабарлаған.

Облыстық білім сапасын бақылау департаменті де баланың балабақша тәрбиеленушісі болмағанын мәлімдеген.

Соған қарамастан, отбасы жауапкершілік мекеменің түріне емес, балалардың қараусыз қалуына байланысты болуы керек деп санайды.

Қазір отбасы түрлі мемлекеттік органға қайта-қайта шағым түсіріп, істі жан-жақты әрі толық тергеуді талап етіп отыр.

Бас прокуратураның өтініші Маңғыстау облысы прокуратурасына жолданған.

Туыстары баланың өліміне нақты кім жауапты екенін анықтап, заң аясында тиісті баға берілуін талап етіп отыр.