homepage
Juzmedia.kz

Кәмелетке толмаған қылмыскерлер қалай жазаланады

04.06.2026, 17:25

Қазақстанда кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігі ересектерге қолданылатын жүйеден айтарлықтай біршама ерекшеленеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Finprom.kz зерттеуінше, жасөспірімдерге қолданылатын жазаның түрі мен мерзімі ғана емес, тәрбиелік ықпал ету шаралары да әртүрлі болып келеді. Сондықтан заң бұзған жасөспірімдердің бәрі бірдей бас бостандығынан айырыла бермейді.

Жасөспірімдер қылмысы көбейген

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, 2025 жылы Қазақстанда 2,5 мың кәмелетке толмаған жас қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікке ілінген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 30,5 пайызға көп және соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш саналады.

Ал биылғы алғашқы төрт айда құқық қорғау органдарының назарына 665 жасөспірім іліккен. Олардың жартысына жуығы ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған.

Соған қарамастан, сотқа жеткен істердің барлығы үкіммен аяқталмайды. Өткен жылы кәмелетке толмағандарға қатысты қаралған 1,3 мың істің 564-і тоқтатылған. Яғни, сотқа тартылған әрбір үшінші-төртінші жасөспірім сотталушы мәртебесін алмаған.

Мұндай жағдайларда көбіне ескерту жасау, пробациялық бақылау белгілеу немесе арнайы тәрбиелік шаралар қолдану тәжірибесі пайдаланылады.

Істі болған әр бесінші жасөспірім ғана түрмеге қамалады

2025 жылы сотталған кәмелетке толмағандардың саны 753 адамға жеткен. Олардың 70 пайыздан астамы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар.

Сотталғандардың 40 пайыздан астамына бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалса, 15,3 пайызы шартты түрде сотталған. Ал нақты түрме жазасын алғандардың үлесі 22 пайызды құрады. Биылғы алғашқы тоқсанда бұл көрсеткіш 19,5 пайыз болған.

Өткен жылы 166 жасөспірім бас бостандығынан айырылған. Оның ішінде 97 адам 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Бір жасөспірім ауырлататын жағдайда адам өлтіргені үшін 10 жылдан астам мерзімге түрмеге жабылған.

Ұзақ мерзімге сотталғандардың арасында кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, жыныстық сипаттағы қылмыстар мен есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар жасағандар басым болған.

Қылмыс жасағандардың көбі – 16-18 жастағы ұл балалар

Статистикаға сәйкес, 2025 жылы сотталған кәмелетке толмағандардың 93,2 пайызы ұл балалар болған. Ең көп қылмыс жасағандар – 16 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер. Бұл санатқа 634 адам кірген.

Сотталғандардың басым бөлігі – мектеп, колледж және басқа да білім беру ұйымдарының оқушылары. Олардың үлесі 87,6 пайызды құрады. Ал шамамен 12 пайызы оқымайтын, жұмыс істемейтін және кәсіптік даярлықтан өтпейтін жастар санатына жатады.

Сондай-ақ қалыптасқан пікірге қарамастан, қылмыс жасаған жасөспірімдердің көпшілігі толық отбасында тәрбиеленген. Өткен жылы сотталғандардың 62 пайызы ата-анасымен бірге тұрған. Ал жетім балалар мен интернат тәрбиеленушілерінің үлесі небәрі 1,7 пайыз болған.