Қарағанды облысында патронаттық тәрбиедегі алты баланы бірнеше жыл бойы ұрып-соғып, қорлап келген отбасы мүшелеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот мәліметінше, ерлі-зайыптылар 2018 жылы ата-ана қамқорлығынсыз қалған алты баланы патронаттық тәрбиеге алған.
Алайда 2018-2023 жылдар аралығында олар балаларға жүйелі түрде физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсетіп келген.
Балаларды түрлі затпен ұрып-соққан
Сот материалдарына сәйкес, балаларды күректің сабы, оқтау, еден жуғыш, қамшы және басқа да заттармен аяусыз соққыға жыққан. Ерлі-зайыптылардың қызы да ата-анасының әрекетін қайталап, кәмелетке толмағандарға күш көрсеткен.
Жәбірленушілердің бірі ауыр дене жарақатын алып, ауруханаға түскен.
Сонымен қатар патронаттық тәрбиеші мемлекеттен балаларды асырауға бөлінген қаражатты мақсатсыз пайдаланып, букмекерлік кеңселер мен құмар ойындарға жұмсаған. Соның салдарынан мемлекетке 6,2 млн теңгеден астам шығын келтірілген.
Сот қандай жаза тағайындады?
Сот олардың кінәсін жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа да іс материалдарымен дәлелденген деп таныды.
Үкім бойынша отбасы әкесі 12 жылға, анасы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қылмыс жасалған кезде кәмелетке толмаған болған қыздары 4 жыл 8 айға сотталды.
Сондай-ақ сот ерлі-зайыптылардан әрбір жәбірленуші баланың пайдасына моральдық зиян үшін 10 миллион теңгеден өндіру туралы шешім шығарды.
Бұдан бөлек, мемлекетке келтірілген 6,2 млн теңге көлеміндегі шығын да өндірілетін болды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.