homepage
Depositphotos.com

Степногор әкімдігі шамамен 400 млн теңгені негізсіз жұмсамақ болған

04.06.2026, 14:16

Степногор қаласының әкімдігі қаланы қысқы және жазғы күтіп-ұстау жұмыстарын қалыптастыру және жоспарлау кезінде бюджет заңнамасының бұзылуына жол берген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тексеру барысында қалалық әкімдік тарапынан қысқы және жазғы абаттандыру жұмыстарына қатысты мемлекеттік сатып алуларды жоспарлау кезінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, сметалық құн негізсіз көтерілген, жұмыс көлемдері артық енгізілген, сондай-ақ бәсекелестікті шектейтін талаптар қойылған.

“Қадағалау шараларының нәтижесінде жалпы сомасы 1,1 млрд теңгені құрайтын 9 мемлекеттік сатып алу күші жойылды.

Сонымен қатар сметалық есептер қайта қаралып, 386 млн теңге көлеміндегі негізсіз шығындар алынып тасталды. Бұл шешімдер мемлекеттік бюджетті тиімді пайдалануға және артық шығындардың алдын алуға мүмкіндік берді”, – делінген прокуратура хабарламасында.

Заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалар да жауапкершіліктен қалыс қалмады: қала әкімінің орынбасары мен мемлекеттік активтер бөлімінің басшысы тәртіптік жазаға тартылды.

Қазіргі уақытта бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын бақылау жұмыстары жалғасып жатыр.