homepage
Ақорда

Президент Халық Кеңесі қашан құрылатынын айтты

04.06.2026, 12:56

Елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі алдағы саяси өзгерістер мен жаңа институттардың құрылу мерзімін атады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Президенттің айтуынша, жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын басты құжатқа айналады.

«Дәл осы Ата заң халқымызды әлемдік өркениеттің жаңа белестеріне бастайды. Технологиялық жетістіктер, саяси дүрбелеңдер, әскери қақтығыстар белең алып жатқан қазіргі дәуірде Негізгі заңымыздың жол нұсқаушы темірқазық ретіндегі маңызы еселене түседі», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың атап өтуінше, Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Одан кейін саяси жүйеде бірқатар жаңа өзгерістер іске асады.

«Тамыз айында бір палаталы Құрылтай сайлауы өтеді, ал қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесі құрылады. Осылайша, біз ауқымды өзгерістер кезеңіне аяқ басамыз», – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазіргі таңда қоғамда азаматтық белсенділіктің артып келе жатқанын да атап өтті.

Оның айтуынша, халық заңға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті нығайту және «Таза Қазақстан» бастамасын қолдауға белсенді қатысып отыр.

Осылайша, алдағы айларда елдің саяси-институционалдық жүйесінде маңызды жаңғырулар күтілуде.