Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Кожиковтың айтуынша, биылғы мониторинг нәтижесінде 884 заңсыз қоқыс полигоны анықталған. Оның 196-сы немесе 22 пайызы жойылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде мәлім етті.
Ең көп қоқыс орындары Абай, Қостанай және Ұлытау облыстарында тіркелген. Бақылау жұмыстары Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және бірқатар өңірлерде жалғасып жатыр.
Сонымен қатар соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар. 2020 жылы 8 мыңнан астам полигон анықталып, оның 66 пайызы жойылса, 2025 жылы олардың саны 3828-ге дейін қысқарып, жою деңгейі 97 пайызға жеткен.
Мониторинг аумағы кеңейіп, мобильді топтар жұмысын күшейтті
Спутниктік мониторинг жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында бақылау аумағы да кеңейтілген. 2018 жылы жүйе 16 елді мекенді қамтыса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 46-ға жетті. Қамту аймағына ірі қалалармен қатар ұлттық парктер мен ерекше қорғалатын аумақтар да енгізілген.
Биыл сәуірде заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жою үшін арнайы жедел штаб құрылып, мобильді топтар іске қосылды. Рейдтер барысында қосымша 488 полигон анықталып, оның 94-і жойылған.
Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдарға спутниктік деректерді жүйеге енгізу мүмкіндігі беріліп, ақпаратты жаңарту процесі жеделдетілді. Заңсыз қалдықтарды жою бойынша жоспарлар жыл сайын құқық қорғау органдары мен әкімдіктердің қатысуымен бекітіледі.