Қазақстанда өндірістік жарақаттану көрсеткіші төмендеп келеді. Биылғы алғашқы бес айда қауіпті өндірістік нысандарда 5 адам қаза тапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш есе аз көрсеткіш. Зардап шеккендер саны да 8 адамнан 6 адамға дейін қысқарған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ranking.kz зерттеуіне сүйенсек, мамыр айында «Востокцветмет» пен «Қазцинк» кәсіпорындарында болған жазатайым оқиғалар еңбек қауіпсіздігі мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетті.
ТЖМ деректеріне сәйкес, оқиғаларға өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болған.
Қай өңірлер мен салаларда қауіп жоғары?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында ел бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардан 2,3 мың адам зардап шеккен. Дегенмен бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 12,3 пайызға аз.
Жарақат алу деректері ең көп тіркелген өңірлер қатарында Шығыс Қазақстан облысы (287 адам), Қарағанды облысы (277 адам) және Ұлытау облысы (252 адам) бар.
Салалар бойынша өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндірісі, құрылыс, денсаулық сақтау және логистика бағыттары көш бастап тұр.
Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша өндірістік жарақаттанудың жасырылған 39 фактісін анықтаған. Мұндай жағдайлардың басым бөлігі қызмет көрсету саласындағы жеке компанияларда тіркелген.
Қауіпсіздікті күшейту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
Өндірістегі қауіпсіздікті арттыру мақсатында мемлекеттік органдар бақылауды күшейтіп келеді. Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылаудың жаңа тетіктерін енгізіп, цифрлық жүйелерді дамытуда. Қазір осы бағытта «е-ТМЖ» платформасы әзірленіп жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де кәсіпорындардағы тәуекелдерді бағалау мен бақылау жүйесін цифрландырып, еңбек қауіпсіздігін бақылауды күшейтуде.
Бұдан бөлек, биыл сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіруге және жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған заңға қол қойды.
Құжат өндірістік нысандарға қойылатын талаптарды күшейтіп, жазатайым оқиғалардың алдын алу тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Мамандардың пікірінше, қабылданып жатқан шаралар өндірістегі жарақаттану деңгейін төмендетіп, қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге ықпал етеді.