homepage
gov.kz

Балалы отбасыларға арналған төлемдер: жәрдемақы көлемі қандай

04.06.2026, 10:21

Үкіметте балалы отбасыларды қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала беретіні туралы айтылды. Яғни, бала дүниеге келген сәттен бастап оны тәрбиелеу кезеңдерінде түрлі әлеуметтік төлем мен жәрдемақылар қарастырылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Үкімет мәліметінше, бүгінде отбасыларға арналған негізгі қолдау шараларының қатарында бала тууға берілетін біржолғы жәрдемақы, бала күтіміне байланысты төлемдер, көпбалалы отбасылар мен ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көрсетілетін көмектер бар: 

  • Бала туған кезде отбасыға біржолғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері алғашқы үш балаға 164 350 теңге болса, төртінші және одан кейінгі балалар үшін 272 475 теңгені құрайды.
  • Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлем қарастырылған. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша мұндай төлемнің орташа мөлшері 1,2 млн теңгеге жеткен.
  • Сондай-ақ бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем төленеді. Қазіргі таңда бұл төлемнің орташа көлемі 86 мың теңгеден асады.

Сонымен қатар мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасылар ай сайын 81 871 теңге көлемінде жәрдемақы алады.

Көпбалалы отбасыларға табыс деңгейіне қарамастан ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

  • Төрт баласы бар отбасыларға – 69 330 теңге;
  • бес баласы барларға – 86 673 теңге;
  • алты баласы барларға – 104 017 теңге қарастырылған.
  • Жеті және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасыларға 121 360 теңге көлемінде төлем беріледі.

Сонымен қатар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері де қосымша мемлекеттік қолдауға ие.

Қазіргі таңда елімізде тек көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны 630 мыңнан астам отбасы алып отыр. Бұл аталған қолдау түрінің әлеуметтік саладағы ең ауқымды бағдарламалардың бірі екенін көрсетеді.